Оралда жүрекке күрделі ота жасау бойынша шеберлік дәрістері өткізілді
Облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Ақтілек Өмірбаевтің айтуынша, өңірде ұлттық медициналық холдинг күндері өтуде. Соның аясында өтіп жатқан шеберлік дәрісінде облыста бірінші рет 3-камералы электрокардиостимуляторды имплантациялау жүзеге асуда және жүректегі ісікке ота жасалуда. Бұл шеберлік дәрісінде ашық жүрекке үш ота, екі науқасқа 3-камералы электрокардиостимулятор қондырылады. Бұл жүрек қысылғанда, жүректің жиырылып жұмыс жасауы төмендеген уақытта адам өмірін ұзартады. Астаналық дәрігерлердің қатысуымен сондай-ақ кардиология және кардиохирургия бойынша науқастарға кеңестік-әдістемелік көмек көрсетіледі. Батысқазақстандық хирургтар аорто-коронарлық шунттеу, туа бітті және жаңадан пайда болған жүрек ақауларына ота жасаудың технологияларын үйренетін болады. Бұл жолғы отаға хирургтар Жанайдар Қазтуғанов, Арман Байдеуов қатысты.
Облыста жүрек-қан тамырлары ауруларынан 20 мыңдай адам есепте тұр. Соңғы он айда облыстық кардиологиялық орталықта 300-ден астам жоғары мамандандырылған ота жасалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жүз отаға көп. Соңғы жылдары аурудың алдын алу мен жоғары мамандандырылған медициналық көмектің арқасында адам өлімі азайған.
20-22 қараша күндері «Ұлттық-ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ жетекші мамандарының қатысуымен науқастарға емдеу-кеңестік көмектер көрсетіліп, «Созылмалы жүрек жеткіліксіздіктерімен ауыратын пациенттерге LVAD көрсеткіштері және қарсы көрсеткіштері. Жүректі трансплантациялау» тақырыбында семинар өтетін болады.