Оралдағы республикалық жазғы студенттер лагерінде жастар мен аға буынның қатысуымен іс-шаралар өтуде

Лагерь жұмысы аясында «Болашақ жастардың қолында» атты республикалық конференция, Қазақстан студенттер альянсы ІХ слетінің ІІ кеңесі, семинар-тренингтер мен мәдени шаралар, концерттік бағдарламалар мен би кештері ұйымдастырылуда.
Бесінші тамызға дейін өтетін шараның бірінші күні конференциямен басталды. Қазақстан студенттер альянсының көшбасшысы Шыңғыс Бескемпіров төрағалық еткен конференцияға «Студенттік өзін-өзі басқару және өз әлеуетін жүзеге асыру әдісі ретінде» деген тақырып қойылған. Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрам Бегентаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректоры Қазыбай Бозымов қатысты. Сондай-ақ Қырғызстанның «Ақсұңқар» партиясының жастар қанаты бірлестігінің төрағасы Ж.Жээналиев баяндама жасады. «Қырғызстанның атынан осы жиынға қатысып, қуатты Қазақстанның белсенді жастарымен танысқаныма қуаныштымын. Біз болашағын алыстан болжап, тыңғылықты жоспарлайтын туыс елдің келешегіне сеніммен қараймыз. Әсіресе, жастар саясатына үлкен мән беретіні көңілге қонымды. Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын оқыдым. Қазақстанның алдағы 20-30 жылда әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің біріне айналатынына талас жоқ. Қазақ елі қазірдің өзінде Азия аймағындағы іргелі мемлекетке айналып үлгерді», - деді ол.
Басқосу соңында қатысушылардың үндеуі оқылды.