Оралдағы «Зенит» зауытының 75 жылдығы аталып өтілді

Зауыт ұжымын мерейтойымен құттықтаған облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған осынау мерейлі датаның кәсіпорын үшін маңызы зор. Ұлы Отан соғысы және одан бергі уақытта зауыт қорғаныстық және азаматтық бағытта қыруар өнім шығарды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін кеме құрастыру «Зениттің» басты брендіне айналды. Осы жылдарда Каспий теңізінде еліміз шекарасын күзетуге қажетті жүрдек катерлерден бастап сыйымдылығы жоғары корабльдерге дейін барлығы 25 кеме жол тартты. Қиыншылықтар да болмай қалған жоқ. Міне, сол кезеңде Елбасы зауытқа үнемі назар аударып, қолдап отырды. Соның нәтижесінде «Зенит» кеме жасаумен айналысатын, жоғары технологияға негізделген өнім шығаратын бірегей кәсіпорынға айналды. Зауыт алғашқылардың қатарында сапа саласындағы табыстары үшін ҚР Үкіметінің сыйлығын иеленді. 2013 жылы республикалық «Парыз» байқауында «Зенит» зауыты «Үздік ұжымдық келісімшарт» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Қазіргі таңда су ығыстырылымы 600 тоннаға дейін кеме құрастыра алатын зауытта мыңға жуық адам еңбек етеді. Зауыт көшіп келгеннен кейін осында басшылық қызметтер атқарып, кәсіпорынды 56 жыл бойы басқарған Петр Атоян оның қалыптасып, өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірді. 75 жыл мерзім ішінде елуден астам еңбек әулеті пайда болды.
Зауытқа П.Атояннан кейін үздіксіз жетекшілік етіп келе жатқан Вячеслав Валиевтің айтуынша, Ұлы Отан соғысына байланысты Ленинградтан Оралға көшірілген кәсіпорын сол қиын-қыстау мезгілде қорғанысқа қажетті қару-жарақ пен құрал-жабдықты шығара білді. «Зенит» - осынау айтулы еңбегіне орай бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған Қазақстандағы бірден-бір кәсіпорын. Зауыт қазіргі таңда кемелермен қатар суасты қайықтарын жөндеу үшін апаттық-құтқару бұйымдарын экспортқа шығарады. Сонымен қатар мұнайгаз компаниялары үшін жабдықтар дайындап, оларды жөндеп, қызмет көрсететін зауыт өндірістік-техникалық мақсаттағы және халық тұтынатын өнімдерді де жөнелтіп келеді. Бастапқыда «231-зауыт», кейін бұрынғы одаққа белгілі К.Ворошилов атындағы машина жасау зауыты болған кәсіпорын 1996 жылы қазіргі атауын иеленді.
Салтанатты жиын барысында өндіріс озаттары облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталып, соңы концертке ұласты.