Оралдық кәсіпкерлер жеңілдікпен 68 млн. астам теңге алып, игерді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының екінші бағытына сәйкес 25 оралдық кәсіпкер жеңілдікпен 68 млн. астам теңге несие алып, игерді.
None
None

Орал қаласы жұмыспен қамту орталығының инспекторы Болат Есбектің айтуынша, биыл республикалық бюджеттен 24 кәсіпкер барлығы 65 млн. 706 мың теңге несие алды. Тағы біреуі қайтарылған қаржы есебінен 3 млн. теңге несиеге қол жеткізді. Бағдарлама аясында қалаға қарасты Деркөл кентінде 5, Желаевта 1, Зачаганда 10, Круглоозерныйда 9 жоба жүзеге асырылуда. Бұлар негізінен ауыл шаруашылығын дамыту, соның ішінде жылыжай ұйымдастыру, сондай-ақ автохимия өндірісі, керамзит блогі, пластикалық терезелер, металл бұйымдарын, қағаз салфеткаларын шығаруға бағытталған. Шаштараз, үш наубайхана, балалар ойын алаңы, аяқкиім тігетін цех, екі киім ательесі, дөңгелек жөндейтін және газ, электрмен пісіру шеберханалары, жолаушы тасымалдаумен айналысатын кәсіпорын ашылды. Осы ұйымдарда кемінде 45 жаңа жұмыс орны ашылмақшы. Мысалы, кәсіпкер Хайролла Аяпов жеңілдікпен алған несиенің арқасында «Патриот» деген атпен ресейлік «СОЖ Синтез Казань» ғылыми-өндірістік компаниясының технологиясы негізінде тосол өндірісін жолға қойды. Кәсіпкер алдағы уақытта өнім көлемін күніне екі тоннаға дейін жеткізіп, Қазақстанның өзге өңірлеріне де шығаруды мақсат етуде. Сол секілді Мейрам Көпешев Зачаган кентінде қағаз салфеткасын өндіретін цех ашты. Мұнда да өнім сапасын арттырып, түрлерін көбейте түсу көзделуде. Алдағы жылы екінші бағыты бойынша аталған бағдарламаға қатысуға қазірдің өзінде 50 ұсыным түсті. «Елбасымыз «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында бизнеске барынша қолайлы жағдай жасау жөнінен Қазақстан әлемдік рейтингте 41-інші орында екендігін жеткізіп, бұйымды сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан шығарғанда ғана ісіміз алға басатындығын атап көрсетті. Бұған оралдық кәсіпкерлер де іспен жауап береді деп ойлаймын», - деді Б.Есбек.

Соңғы жаңалықтар