Оралдық үш студент «Қазком шәкіртақысын» алды

ОРАЛ. 25 қазан. ҚазАқпарат - 24 қазан күні «Қазком шәкіртақысы» білім беру жобасы аясында «Құс жолы» корпоративтік қайырымдылық қоры атынан
None
None

Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің үш студентіне атаулы гранттар салтанатты түрде табыс етілді.

«Қазкоммерцбанктің» еншілес кәсіпорны болып табылатын «Құс жолы» қоры түрлі себептермен материалдық жағдайы қиындаған, бірақ соған қарамастан сапалы білім алуға ұмтылған талапты жастарға қолдау көрсетеді. «Қазком шәкіртақысы» жобасына еліміздің барлық жоғары оқу орындары қатыса алады. Биылғы оқу жылында жобаға қатысуға 19 оқу орны таңдап алынып, ондағы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 50 шақты жас «Қазкомның» шәкіртақысының иегері атанып отыр. Банк пен қордың қамқорлығына бөленген студенттердің қатарында жетім өскендер де бар.

«2007 жылдан бері жұмыс істейтін «Құс жолы» қоры білім беру жобасында бүгінгі қоғамда тапшы болып отырған техникалық, медициналық, гуманитарлық-әлеуметтік мамандықтарға басымдық береді. Орал қаласы бойынша Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университеті жобаға қатысушы болып отыр. Шәкіртақы алатын талапкерлерді ректорат, деканат, ғылыми, студенттік кеңестердің және профессорлық-оқытушы құрамының өкілдері кіретін грант комиссиясы анықтады. Грантқа үздік оқитын, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын 3,4-курстың қыз-жігіттері іріктелді. Шәкіртақы иегеріне жылына 180 мың теңге бөлінеді. Қазір сол қаржының 50 пайызы жоба жеңімпазы атанған студенттердің есепшоттарына аударылды», - деді «Қазкомбанк» АҚ-ның Оралдағы филиалының директоры Руслан Қаржауов.

Банк филиалының басшысы осы ЖОО-ның студенттері Диана Бектұрсынова, Жаңагүл Нұриденова және Фариза Қосмұрзиеваға атаулы грант сертификаттарын салтанатты түрде табыс етіп, құтты болсын айтты.
«Әлеуметтік жағынан «әлжуаз» отбасылардың балаларының оқуына жәрдемдесу - азаматтық парыз. Банктер, кәсіпкерлер өз тарапынан осындай қамқорлық көрсетіп отыратын болса, еліміздің жастары алаңсыз білім алып, ұлтжанды маман болып шығары сөзсіз», - деп атап өткен аталмыш университеттің ректоры Нұрболат Қадырғалиев, банк филиалы басшылығына алғысын білдірді.

Соңғы жаңалықтар