Оралдық «Women Art Dизайн» шығармашылық тобы қазақ өнерін шетелге табысты таныстырып келеді
Соның айқын көрінісі - Германияның Дрезден қаласында «Интернационалдық мәдениет күндері» фестивалі аясында өткен аталмыш шығармашылық тобының жеке көрмесі. Бұл шара «Колибри» шығармашылық орталығында Саксония мен Саксония-Анхальттағы Қазақстанның консулдығының қолдауымен ұйымдастырылған болатын.
ҚР Дизайнерлер одағының мүшелері Райса Алексеева, Наталья Брикс, Марина Ермекқалиеваның авторлық еңбектері көрмеге келушілердің қызығушылығын тудырды. Өйткені олардың суреттері мен гобелендерінің композициясы Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерттеуге негізделген. Суреттердің тақырыптары сан алуан, сәндік натюрморттарда қазақтың тұрмыстық бұйымдары, панноларда ежелгі петроглифтер бейнеленген.
Көрме барысында бірнеше шеберлік класы өткізіліп, онда келушілер өз қолдарымен таза теріден тұмар жасап, оны ұлттық кәдесый ретінде өздеріне ескерткішке қалдырды. Германияның көптеген тұрғындары еліміздің қазіргі заманғы өнерімен танысып, бағалауға мүмкіндік алды. Ұжымның жеке көрмесі екі елдің арасындағы өзіндік мәдени көпір іспеттес болды. Сондай-ақ қазақ елінің өнерін ұлттық және әлемдік деңгейде дамытып, танылуына әсерін тигізеді.