Оралдықтар майдангер С.Данилиннің 101 жасын атап өтті (ФОТО)
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ақсақал кезекті туған күнін жақын-жуықтары және әскери әріптестерімен бірге қарсы алды. Сондай-ақ, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, доғарыстағы подполковник Владимир Дурнов та тарту-таралғысын тапсырды. Семен Акимович 101 жасқа қадам басқанымен, әлі ширақ. Күн сайын таза ауада серуендеп, газет оқып, теледидар қарайды. Өзінің айтуынша, Курск иініндегі кескілескен шайқас кезінде оқ оның орденіне тиіп, марапаты жанын сақтап қалған. Ол талай жастың Отан үшін от кешіп, қыршын кеткенін әлі күнге дейін жаны күйзеле еске алады. «Елбасы саясаты арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен тыныштық орнап, сан ұлт өкілдері тату-тәтті тірлік кешуде. Осыған жететін ештеңе жоқ. Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында айтылғанындай, Мәңгілік ел болу үшін жарқын да жасампаз істеріміз еселене беруі керек», - деді С.Данилин. Айта кетейік, кеше Халықаралық қарттар күніне орай тоқсан жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы медицина қызметінің капитаны Екатерина Крыловаға да құрмет көрсетілді.