Оралдың «Ақжайығы» биылғы маусымдағы алғашқы ұпайына қол жеткізді
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Атырау» - елімізде мықтылар санатында жүрген, өткен жылы Қазақстан кубогін ұтып алған команда. Бірақ «Ақжайыққа» да бұдан әрі шегінер жоқ еді. Өйткені мұның алдындағы екі ойында оралдықтар ірі есеппен ұтылып қалған болатын.
«Атыраудың» қарқыны қатты екені бірден көрінді. «Ақжайық» қақпасына лап қойған қонақтар тегеуріні текке кеткен жоқ. Ойынның 10-ыншы минутында-ақ «Атыраудың» шабуылшысы Владимир Седельников қақпашы Илья Байтеряковтың қателігін епті пайдаланып, есеп ашты. «Атырау» қақпасын Андрей Шабанов қорғаса, алаңда Абзал Жұмабаев, Руслан Сақалбаев, Пиралы Әлиев, Илья Воротников сынды талай жердің шаңын шығарған қазақстандық ойыншыларға қоса шабуылда Гиорги Пейкришвили, Виорел Фрунза ойқастады. Атыраудың өз түлегі, белгілі шабуылшы Бейбіт Тәтішевке «кезек» ойын соңына таман тиді. Дегенмен биыл біраз легионермен толықтырылған «Ақжайық» та қарап қалған жоқ. Бұлардың арасында, әсіресе, ганалық легионер Саки Мозес ерекшеленіп тұрды. Оралдық жанкүйерлер «Сәкен» атап кеткен «қара бала» қарсыластар қақпасына ұмтылумен болды. Екінші таймда қонақтар өз айып алаңында шабуылға қосылған тағы бір легионер Сергей Нюхаловты шалып жыққанда, он бір метрлік айып добын тебу бақыты сол Сакиге бұйырды. Ол мүлт кеткен жоқ. Бұдан кейін командалар қаншама тырысқанымен, есепті өзгерте алмады. Ұрымтал тұстарда кейде ойыншылар өз мүмкіндігін пайдаланбаса, енді бірде доп қақпа бағанына тиіп, алаң сыртына шығып кетіп жатты.
Матчтан кейін баспасөз өкілдерімен тілдескен «Атыраудың» бас бапкері Виктор Пасулько команданың сырт алаңда алғашқы ұпайға ие болғанын айтты. Оның ойынша, «Атырау» шеберлігі басым болғандықтан, жеңіске жетуі тиіс еді. Бірақ ойынды әп-әдемі бастаған атыраулықтар уақыт өте кездесу тізгінін алаң иелеріне беріп қойды. Ал «Ақжайықтың» бас бапкері Андрей Чернышов жеңіс үшін ойнағанымен, оралдықтардың тең ойынға риза екендігін жеткізді. Ресейлік маманның пікірінше, маусымды өте сәтсіз бастаған оралдықтардың ойыны бірте-бірте ширап келеді. Алдағы ойындарда «Ақжайықты» бұдан да күрделі сынақ күтіп тұр. Сәуірдің 9-ында батысқазақстандықтар Қарағандыда биыл ел чемпионы «Ақтөбенің» өзін 2:0 есебімен тізе бүктірген «Шахтермен» күш сынасады. Содан кейін сәуірдің 15-інде өз алаңында «Ақтөбені» қабылдайды.