10:42, 05 Маусым 2009 | GMT +5
Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында айқын басымдылықпен жеңіске жетті
ОРАЛ. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Маусымның 4-інде футболдан Қазақстан чемпионаты бірінші лигасы командалары кезекті турдың ойындарын өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматының «Қайратынан» кейінгі екінші орында келе жатқан Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Іле-Сәулет» (Алматы облысы, Іле ауданы) командасын қабылдап, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бірінші таймда оралдық Айбек Ғұбайдуллин екі мәрте көзге түссе, ойынның екінші кезеңі басталысымен Сергей Шевцов есепті ұлғайтты. Тек содан кейін ғана «Іле-Сәулеттен» Жасын Қайыпбаев қарымта доп соқты.
«Ақжайық» келесі ойынын маусымның 7-сінде өз алаңында Алматының «Қайратымен» өткізеді. Бұл екі команда үшін де шешуші кездесулердің бірі болмақ.