07:34, 05 Мамыр 2011 | GMT +5
Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Лашынмен» тең ойнады
ОРАЛ. 5 мамыр. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 4 мамырда футболдан ел біріншілігінің бірінші лигасында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Қаратаудың «Лашынын» қабылдады.

Бірінші таймда оралдықтар басымдылық көрсетіп, ойынның 39-минутында Руслан Хайров есеп ашты. Алайда екінші таймда «Ақжайық» ойын тізгінін босатып алды. Есесіне қонақтар алаң иелерінің қақпасына әлсін-әлсін қауіп төндірді. Тіпті доп қақпаның маңдайшасынан қайтқан сәт те болды. Ойынның 90-минутында «Лашыннан» Ерасыл Ишанқұл мергендік танытып, есепті теңестіріп кетті.
Сөйтіп «Ақжайық» қаратаулықтармен ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Мұндай ойынмен оралдықтардың супер-лигаға оралуы екіталай.