Оралмандар көп шоғырланған Мұнайлы ауданында әлеуметтік нысандар жетіспейді - Ж. Сәрсенқұлов
«2007 жылы Президенттің Жарлығымен Маңғыстау облысында жаңадан Мұнайлы ауданы құрылды. Жергілікті тұрғындары саны 33 мыңнан астам бұл аудан, қазіргі таңда оралман халық көп шоғырланған елді мекенге айналды. Соңғы 2 жылда тұрғындар саны 2,5 есе өсіп, 82 мыңнан асты. Ауданда 40 төсектік аурухана 1967 жылы салынған бұрынғы темір жол ғимаратында орналасқан. Бұдан басқа, арнаулы бала туу үйі, туберкулез дертін емдейтін диспансер және жұқпалы ауру емдейтін аурухана жоқ. Сондай-ақ хирургиялық, диагностикалық зертханалар бөлімшелері жоқ. Жалғыз аурухананың өзі сумен жабдықталмаған, аудан халқына талапқа сай медициналық көмек көрсетуге мүмкіндігі өте шектеулі болып отыр», деді сенатор. Оның айтуынша, 2009 жылғы қорытынды бойынша Мұнайлы ауданындағы бала өлімінің көрсеткіші 1 мың тірі туған баладан 31-ін, аналар өлімі 100 мың тірі туған баладан 41-ін құраған. Туберкулез дертімен ауырғандар 100 мың тұрғынға 156-дан келіп отыр. Бұл облыстағы ең жоғары көрсеткіштер. «Осыған байланысты ауданның әлеуметтік нысандарын, оның ішінде басты қажетті денсаулық сақтау нысандарын дамыту мақсатында 150 төсектік Мұнайлы аудандық ауруханасы және ауысымда 250 адам қабылдауға арналған аудандық емхана құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, жобалық-сметалық құжаттарын байластыру жұмыстары жүргізілді. Жоба құны -2 млрд. 900 млн. теңге құрайды. Сол үшін құрылыс нысандарын бастау үшін 2011 жылғы республикалық бюджеттің мақсатты трансферттері есебінен қаражат бөлу мәселесі шешімін тапса игі», деді депутат.