Оралмандарға Қазақстан азаматтығы бiр жылдың iшiнде берiлетiн болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Үкiметi этникалық қазақтарды елге оралуға ынталандыратын iс-шаралардың негiзгi бағыттарын қолдады. Бұл туралы бүгiн Астанада Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте
None
None

ҚР Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова мәлiм еттi. Оның сөзiне қарағанда, "Халықтың көшi-қон мәселелерi туралы" заңның көптеген аспектiлерi қайта қарастырылып, жеңiлдетiлдi. Мәселен, бұның алдында оралмандарды жайғастыру аймақтарын Үкiмет шешетiн. Өзге өлкеге көшкiсi келген қандастарымыз өздерiнiң төлем қабiлеттерiн растау керек болған. Ендi оралмандар қоныстанатын аймақтарды өздерi таңдайды. Үкiмет болса, еңбек ресурстары жеткiлiксiз аймақтарды анықтап, толық ақпарат ұсынып отырады. Сондай өңiрлерде тұруға ниет танытқан қандастарға ҚР Үкiметi әлеуметтiк пакеттер ұсынады. Оның iшiнде жолға кеткен шығын өтелiп, жалдамалы тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады. Сол арқылы жалға алған үйдi олар бес жылдың iшiнде өздерiнiң меншiгiне аударуға мүмкiндiк алмақ.

Екiншiден, этникалық қазақтар бiр жылдың iшiнде Қазақстан азаматтығына қол жеткiзетiн болады.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, этникалық қазақтар төрт жыл бойы уақытша тұрып жатқан тұлға ретiнде тұруы тиiс болатын. Содан кейiн оған үш жылдың iшiнде азаматтық алу мүмкiндiгi берiледi. Бұның барлығы қазiр бiр жылға дейiн қысқартылуда. Олар елге келiп, бiр жылдың жүзiнде азаматтық алады", - деп атап өттi министр.

Еңбек министрлiгiнiң мәлiметтерiне сәйкес, 1991 жылдан берi Қазақстан 994 мың оралманды қабылдап үлгерген. Қазiргi уақытта олар жалпы халық санының 5,5 пайызын құрайды.

Соңғы жаңалықтар