«Оралым» фольклорлық ансамблі «Жұбанов көктемі - 2013» фестивалінен олжалы оралды

Жастар мәдениет үйінің әдіскері Жамиға Камалованың хабарлауынша, аталмыш фестивальге Уфа, Петропавл, Өскемен, Семей, Талдықорған, Қызылорда, Байқоңыр, Жаңаөзен, Орал және Ақтөбе қалаларынан халық аспаптар ансамбльдері қатысып, олардың өнерін ҚР еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, белгілі домбырашы Айгүл Үлкенбаева сынды танымал тұлғалар саралаған.
Құрылғанына екі жыл болған «Оралым» ансамблі қазақтың көне аспаптары: сазсырнай, адырна, сыбызғы, сақпан, қылқобыз, шаңқобыз, дабыл, дауылпаз, асатаяқ, тұяқтас, жетігенді қоса отырып, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сүгір сынды халық композиторларымен қатар украин, орыс халық әндерін, басқа да шетел туындыларын шебер орындап келеді. Ансамбль құрамында қобызшы, ҚР мәдениет қайраткері Жәмила Нұрымбетова, шығармашыл жастардың халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегері, домбырашы Азамат Шынаров, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, әнші Армат Исламғалиев сынды өнер иелері бар.