Орда орман шаруашылығына 120 жыл толып отыр

ОРАЛ. Қазанның 4-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстандағы тарихи өңір саналатын Хан ордасындағы орман шаруашылығы мекемесіне 120 жыл толып отыр.
None
None

Нарын өңірін, соның ішінде Хан ордасын құм басып кетпеу үшін ағаш отырғызу, табиғат байлығын қорғау ісі қазақтың соңғы хандарының бірі Жәңгірден бастау алған. Ол ХІХ ғасырдың бірінші жартысында-ақ орман алқаптарына мал жаймау, тал-теректерді отамау жөнінде арнайы жарлық шығарып, орман кондукторларын белгілеген. Сол кездегі Хан ордасына мал кіргізілмейтін болған. Тарихи деректер Жәңгір ханның ағаш көшеттерін Саратов губерниялық орман шаруашылығы және басқа жерлерден алдырып отырғанын растайды.

Жәңгір 1845 жылы дүние салғаннан кейін Бөкей хандығын басқарған Уақытша кеңес хан жарлығын қолдап, күшінде қалдырғанымен, ағаш отырғызу, көгалдандыру ісімен айналыспады. Орман алқаптарын қорғау 1876 жылдан бастап қайта қолға алынып, 1890 жылдың наурыз айында Ордада Нарын орман шаруашылығы құрылды. Сол кезден бастап орманшылар Нарындағы шоқ тоғайларды жүйелі зерттеп, ағаштың жаңа түрлері өсірілді. Әсіресе, Нарын қарағайы өзінің емдік қасиетімен де дараланды.

Осыдан тура бір ғасыр бұрын, 1910 жылы Нарын орман шаруашылығының жанынан Жасқұс тәжірибе стансасы өмірге келіп, арнайы ағаш көшетін өсіретін питомниктер ашылды. Сол жылы ашылған Орда орманшылар мектебі мамандарды жергілікті жерден дайындауға мүмкіндік берді. Соның арқасында құмды өңірде қарағай, қайың, ақ терек, үйеңкі сынды көптеген ағаш түрлерімен қатар жүзімге дейін өсірілді. Бұл өлкенің аң, құсы өз алдына бөлек әңгіме.

Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің инженері Аққаным Сапашеваның айтуынша, қазіргі таңда 16405 гектар орман қоры бар. Тәжірибелі маман Талғат Саматов басшылық ететін мекемеде 34 адам еңбек етсе, соның 8-і - жоғары, бесеуі арнаулы орта білімді. Жыл сайын 15 гектарға қарағай көшеті, құм көшкінін тоқтату мақсатында 80 гектарға ағаш егіледі. Орман питомнигінде жылына 150 мың түп ағаш көшеттері өсіріліп, Жәнібек пен Бөкей ордасы ауылдарына көгалдандыру мақсатында жіберіліп отырылады. Орманның санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында отындық ағаш та дайындалады.

Алдағы қараша айында Орда орман шаруашылығының 120 жылдығын атап өту жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар