«Өрлеу» клубында еліміздегі шағын және орта бизнес бойынша жүргізілген зерттеу қорытындылары талқыланды
Парламент депутаттары, Үкіметтің экономикалық блогының, бизнес-қауымдастықтардың өкілдері қатысқан жиында шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Егер дағдарыс кезінде мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі шаралары ретінде бизнесті жеңілдетілген бағдарламалар бойынша несиемен қамтамасыз етсе, енді дағдарыстан кейін қаржылық емес қолдау шаралары алдыңғы орынға шығады», деді жиын барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Басқарма Төрағасы, «Өрлеу» клубының Төрағасы Қайрат Келімбетов.
Сонымен бірге, басқосуда «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Ләззат Ибрагимова «Қазақстандық кәсіпкерлік. «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасының аясында өткізілген кешенді зерттеулердің негізгі қорытындылары» атты зерттеу жұмыстарының қорытындысымен хабардар етті. Зерттеу кезінде Қазақстанның бүкіл әкімшілік аудандарында кәсіпкерліктің экспресс-курсында 10 мыңнан астам тыңдаушылар сұралып, фокус-топтарда сұхбаттар, шағын кәсіптің әртүрлі топтарының өкілдерімен терең сұхбаттар жүргізілген. Респонденттер ретінде қазіргі, бұрынғы және болашақ кәсіпкерлер тартылған. Нәтижесінде зерттеушілер: «кәсіпкерлікке бұқараны барынша кеңінен тарту және жалпы қоғамның бизнесті түйсінуінде түбегейлі өзгерістердің орын алуы - кәсіпкерлік саладағы мемлекеттің жүргізген саясатының жағымды жетістігі болды», деген қорытындыға келіп отыр.
Сондай‑ақ зерттеу шағын және орта кәсіпкерлікке қазір халықтың экономикалық белсенді тобының ширек бөлігі тартылғанын, ал ірі қалаларда бұл көрсеткіш 40 пайызға жетіп отырғанын анықтаған. «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасының аясында сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 75 пайызынан астамы қоғамның бизнеске деген қатынасының едәуір жақсарғанына кәміл сенеді. Көпшілік санасында «кәсіпкер дегеніміз - бұл алыпсатар», «бизнес әділ болмайды» деген сияқты стереотиптер жойылуда. Қарапайым қазақстандықтар арасында нарықтық реформалар енді басталған кездегі кәсіпкерлерге деген жеккөрушілік сезімі жойылған десе де болады.
Сонымен бірге, сауалнамаға қатысқандардың 47 пайыздан астамы өз бизнесінің айқын болашағы туралы хабардар еткен. Ал олардың басым бөлігі өз кәсіпкерлік қызметінің көлемін ұлғайтуға ниет білдіріп отыр. Сұралғандардың 59 пайыздан астамы бизнесті әртараптандыруға талпынып, оның жолдарын қарастыруда. Өз бизнестеріне жаңашыл, инновациялық дүниені енгізуге ақшаның жетіспеушілігіне қарамастан, сұралған кәсіпкерлердің 54 пайызы соңғы 3 жыл аралығында жаңа құрылғы сатып алған, 37 пайызы қазіргі құрылғыларын жаңартқан, 39 пайызы бастан-аяқ жөндеу жұмыстарын жүргізген.