Орманды алқаптарды өрттен қорғау ортақ міндетке айналуы керек - А.Қожақов

ҚЫЗЫЛОРДА. Тамыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Биылғы жаз маусымы көрші Ресей еліне айтарлықтай ауыртпалығын әкелді. Аптапты ыстық пен қуаңшылықтың салдарынан бұл елдің бірқатар қалаларына жақын жерлердегі орманды алқаптар өрт құшағына оранды.
None
None

ҚР Үкіметі өткізген соңғы селекторлық мәжілісте осы жай­лар негізгі әңгіме өзегіне айналды. Елде өрт қаупін болдырмау мен оның алдын алу шараларын жүргізу қажеттігі айтылды. Осы орайда агенттік тілшісі облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі депар­таменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Асқар Қожақовты әңгімеге тартқан еді.

- Ресейде өрт өршіп тұр, - деді ол әңгімесінде. - Оған көрші ел­дер де көмек қолын созуда. Соған қарамастан өртті сөндіру қиынға түсуде. Ауа райын болжау­шылардың айтуына қарағанда бізде қыркүйек айының орта шеніне дейін күн ыстығы басыла қоймайтын секілді. Демек, қандай жағдай болмасын оған дайын болуымыз керек. Әсіресе, өртті болдырмай, оның алдын алуға ерекше көңіл бөлінуі қажет.

- Бүгінгі күнге дейін облыста бұл бағытта қандай жұмыстар ат­қарылды?

- Үстіміздегі жылдың басында облыс әкімдігі өрт қауіпсіздігін болдырмау шараларын өткізудің кестесін бекітті. Осыған орай облыс­тық төтенше жағдайлар жөніндегі депар­тамент биылғы сәуір айында «Орман» және «Саяжай» атты шара­ларын өт­кізді. Бүгінде облыс аума­ғында 11 саяжай учаскесі бар. Оларда негізгі тір­лік көктем шыға қыза түсе­тіні белгілі. Өрттің қауіп тудыратын кезі де осы уақытта. Сондықтан да біз аталған шараларды сол кезде өткіздік.

Қазір облыста орман мен жануарлар әлемін қорғау жөнінде сегіз мемлекеттік мекеме жұмыс істейді. Мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 6519,1 мың гектарды құраса, оның 3037 мың гектары жасыл желекке оранған нағыз орманды жер болып табылады.

Облыстық орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің орманды алқабы 3 млн. 738 мың гектарды құрайды. Бүгінгі күнге дейін мұнда 4745,5 шақырым жер жыртылып, минералды жолақ жасалды. Сонымен қатар өткен жылдарғы жалпы ұзындығы 1036 шақырым жер мен жаңадан жыртылған 174 шақырым жолақ бақылауға алынды. Түсінікті болуы үшін айта кетейік, минералды жолақтар, яғни жер жырту жұмыстары өрт бола қалған жағдайда оттың өршімеуін тоқтату мақсатында жасалады. Бүгінде оның енін кеңейту ісі қолға алынды.

- Өртті бодырмау мен оның алдын алудың маңызы зор. Бұл орайда тұрғындар арасында қандай жұмыстар жүргізілуде?

- Мемлекеттік өртті бақылау саласы мамандарының күшімен апта сайын саяжай төрағалары мен тұрғындары арасында насихат шаралары жүргізілді. 471 үйдің егесіне өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде нұсқамалар берілді. Осы шараны өткізу кезінде қалалық және қалааралық бағытта қатынайтын автобустар мен саяжайға және адам көп жиналатын жерлерге 595 дана екі түрлі үнпарақтар ілінді. Оның маңыздылығы сол жердегі халыққа түсіндірілді.

- Өрттің алдын алу мақсатында өткізілетін оқу-жаттығу шараларының да алар орны бөлек қой...

- Дұрыс айтасыз. Өртті болдырмауда оқу-жаттығу жиынын өткізудің мәні зор. Үстіміздегі жыл басында кестеге сәйкес сондай өрт-тактикалық жаттығуын өткіздік. Оған облыстық басқарма мен жеті аудандық бөлімше түгелдей қатысты. Бұл жаттығу облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу және ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып өткізілді. Сондай-ақ, оған жергілікті жердегі әкімдіктер мен көлік және коммуникация мекемелері, ерікті өрт сөндіру құрылымдары, өрт пойызы мен басқа да бірқатар мекемелер қатысты. Жаттығудың кең көлемде жүргізілгені соншалық, оған 150-ден астам адам мен ондаған арнайы мамандандырылған техникалар тартылды.

- Өрт сөндіру қызметі саласын техникалармен қамтамасыз ету барысы қалай?

- Соңғы рет орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты Қазалы және Сырдария аудандық бөлімдері өрт сөндіру автокөлігін алуға қол жеткізді.

Осы орайда мына бір жайтты да айта кеткім келеді. 2008 жылға дейін облыс бойынша тек қана Шиелі ауданында жалғыз өрт химиялық стансасы жұмыс істеп келді. Өкінішке орай, ол да аталған жылы жабылып қалды. Ал оның орманды алқаптардағы жұмыстарды жүргізуге қосар үлесі зор болатын. Мұндай стансаларды басқа аудандардан ашу мәселесі әлі қолға алына қойған жоқ.

- Осы орман алқаптарында өрт қауіпсіздігін сақтамайтындар да бар шығар?

- Әрине. Орманды алқаптарда өрт қауіпсіздігін сақ­тамаған мекеме басшыларына алдымен ескерту жасалып, келеңсіздік алған жерді қалпына келтіру талабы қойылады. Ал ол орындалмаған жағдайда қатаң шара қолданылады. Мысалы, биылдың өзінде орманды алқаптарда өрт қауіпсіздігін сақтамаған Қазалы, Жалағаш, Шиелі және Жаңа­қорған аудандарындағы бірқатар мекеме басшы­ларына әкімшілік шара көріліп, оларға 35325 теңге айыппұл салынды. Осы орайда айта кеткен дұрыс, бар мә­селені айыппұлмен шеше алмайсың. Сондықтан да әрбір адам қоршаған ортаны қорғауда жауапкершілікті сезіне бі­луі тиіс. Сонда ғана тілсіз жаудың алдын алуға болады. Ай­на­лып келгенде, орманды алқапты қорғау - ол барша­мыз­дың ортақ міндетіміз екенін естен шығармасақ екен дейміз.

Бүгінде облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен облыстық ішкі саясат басқармасы бірлесе отырып, далалық және орманды алқаптарда өртті болдырмау мақсатында насихат жұмыстарын жүргізудің жоспарын жасады. Кешегі селекторлық мәжілісте облыс басшысы да нақты міндеттерді жүзеге асыруды тапсырды. Бұл міндет бізден осы бағыттағы істі ұтымды ұйымдас­тыруды талап етеді. Сөз жоқ, басқарма қызметкерлері сондай талап биігінен көрінеді деген сенім бар.

Соңғы жаңалықтар