19:14, 17 Сәуір 2011 | GMT +5
Орта білім саласының білім беру сапасына бақылау жасау керек - Н. Назарбаев
АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Үкіметте өткен кеңесте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім саласына қатысты мәселелерге тоқтала келе, орта білім саласындағы білім сапасын бақылау қажеттігін тапсырды.
«Орта білім беру саласын орталықсыздандырып, олардың білім алу сапасына бақылау жасау керек. Бүгінгі күні әкімдіктер мектептерді өздері қаржыландырады, өздері бақылайды, сосын сапасын да өздері қадағалайды. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қалай өтетіні бізге де белгілі бола бастады. Бұнда құдды бір жарысқа түсу жүріп жатқандай. Бұндай жарыс кімге керек?! Бұдан кім пайда табады? Сондықтан, оқу сапасын дұрыс көрсетіп, оны жақсарту керек», - деді Елбасы.
Сонымен қатар, Президент Н. Назарбаев экономикалық прогрестің ең алдымен дарынды балалардан көрінетінін жеткізді. Бұл ретте талантты балаларды тауып, оларды қолдап, демеу қажеттігін ескертті. «Дәл осы жастар инновациялық ойлауды қалыптастырады», - деді Мемлекет басшысы.