Орталық Азия мен Еуропа елдері қылмыспен күресте өзара ынтымақтастықты жетілдіруді көздеп отыр - халықаралық конференция
Конференция барысында журналистермен сұхбаттасқан Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Роговтың айтуынша, бүгінгі таңда ұйымдасқан қылмыс халықаралық деңгейге дейін қанат жайған. «Сондықтан лаңкестік, экстремизм, есірткілік заттарды тарату сияқты аса қауіпті қылмыстармен күресті әлемнің барлық құқық қорғау органдарының қызметін үйлестірмей тұрып жүзеге асыру мүмкін емес. Қазақстан бүгінде ТМД-ға мүше елдермен қылмыспен күресте әріптестік қатынас орнатып, тығыз-қарым-қатынаста жұмыс істейді.
Ал шет мемлекеттермен бұл бағытта біршама қиындықтар туындап отыр. Айталық, қылмыскерлерді өз еліне қайтару, ақпарат алмасу мәселелері көңіл көншітерліктей емес. Бүгінгі шараның Еуропалық Одақтың Венециялық комиссиясымен бірлесіп ұйымдастырылуы да осындай қажеттіліктен туындап отыр»,-деді Конституциялық кеңес төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, Венециялық комиссия өкілдері Орталық Азияда, әсіресе, Қазақстанда құқықтық жүйені дамытуды басқаруға бағытталған үлкен бағдарламаларды жүзеге асырмақ. «Мемлекет басшысының қылмыспен күрес бағытында алдымызға қойып отырған міндеттерін ескеретін болсақ, біз жүзеге асырып отырған шараның маңызы өте зор»,-деді И.Рогов.
Халықаралық конференцияда Орталық Азия мемлекеттері арасында қылмыстық-құқық саласындағы халықаралық ынтымақтастықты артырумен және Орталық Азия аймағы мен Еуропа елдері арасында құқықтық көмек көрсету бағытында тәжірибе алмасумен байланысты өзекті мәселелер талқыланбақ.
Бүгінгі жиынға Еуропалық Одақтың Венециялық комиссия мүшелері мен Президент Әкімшілігінің, мемлекеттік органдар мен Орталық Азия елдерінің прокуратура қызметкерлері қатысуда.