Орталық Азияда әлемнің дамушы елдерінің ішінде ана өлімінің ең төменгі көрсеткіші тіркелген - БҰҰ
Кавказ және Орталық Азия аймағындағы Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан елдері аштық мәселесін 2015 жылға дейін азайту міндетін жартылай орындады. Аштық зардабын тартушылар 1990-1992 жылдары 13,9 пайыз болса, 2010-2012 жылдары 7,5 пайызға дейін кеміген. 1990-2011 жылдары салмағы тым төмен 5 жасқа дейінгі балалардың санының үлесі 14-тен 4 пайызға азайған. В.Самектің сөзіне қарағанда, баяндамада аймақта гендерлік теңдікті қолдауда және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыруда ілгерілегені айтылған. Бастауыш және орта білім беру жүйесінде ұлдар мен қыздардың арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізуге талпынғаны байқалуда. Орта білімнен кейінгі және жоғары білім алу деңгейінде әйелдердің саны ерлерден басым. Әйелдердің саясатқа араласуы да артып келеді. Бір палаталы ұлттық парламенттерде немесе төменгі палаталарда әйелдердің үлесі 2007 жылы 7 пайыз болса, 2013 жылы 18 пайызға дейін артқан. Сондай-ақ, аймақта әлемнің дамушы елдерінің ішіндегі ана өлімінің ең төменгі көрсеткіші тіркелген. Мәселен, 2010 жылы тірі туған 100 мың сәбиге шаққанда ана өлімі 46 жағдайда тіркеліп, 2011 жылы әйелдердің 97 пайызына босану кезінде білікті медициналық қызметкерлер тарапынан қажетті деңгейдегі күтім жасалған. Жалпы 1990-2011 жылдары балалар өлім-жітімінің көрсеткіші 45 пайызға азайған. 1990 жылы 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім көрсеткіші тірі туған 1 мың сәбиге шаққанда 76 жағдайында тіркелсе, 2011 жылы бұл көрсеткіш 42-ге дейін кеміген.