Орталық Азияда өлім жазасын толық алып тастау мәселесі талқыланады - Астана
Бұл туралы Халықаралық түрме реформасының (PRI) Орталық Азиядағы өкілдігінен хабарлады.
Халықаралық түрме реформасының Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Сәуле Мектепбаеваның айтуынша, бұл жиынның басты мақсаты - өлім жазасына балама - өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілгеннен кейін аймақ елдерінің алдарында туындап отырған қауіп-қатерлерді және өлім жазасын алып тастау үдерісін талқылау болып табылады.
Конференция Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен әлемнің 20 елінде жүзеге асырылып отырған «Орталық Азияда өлім жазасын толық алып тастау» жобасының аясында өткізілгелі отыр.
«Қырғызстанда қазіргі таңда өлім жазасы мүлдем алып тасталған, ал Қазақстан мен Тәжікстанда жазаның бұл түріне мораторий жарияланғанымен, заңнамалық негізде ол әлі сақталып отыр», -дейді С.Мектепбаева. Оның айтуынша, Қазақстанда бүгінде - 84 адам, Қырғызстанда -242, Тәжікстанда 100-ге жуық адам өмір бойғы жазаға кесілген.