Орталық сайлау комиссиясында Украинаның Қазақстандағы елшісімен кездесу өтті
Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Елші мырза 2012 жылғы 28 қазанда өтетін Украинаның Жоғарғы Радасы депутаттарын сайлау бойынша сайлау науқанының барысы жайлы қысқаша айтып өтті. «Сайлау 2011 жылғы 17 қарашада қабылданған «Украинаның халық депутаттарын сайлау туралы» Украина Заңы негізінде өткізіліп отыр. Бұл заң оппозициялық саяси партиялардың және Раданың барлық фракцияларының белсене қатысуымен әзірленіп, қабылданған болатын. Сайлауға 21 саяси партия қатысып отыр. Бірқатар сайлауды байқау жөніндегі Миссиялар жұмыс істеуде, олар өздерінің алғашқы есептерін беріп те үлгерді»,- деп атап өтті О. Демин.
Бұдан әрі Украинаның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Қазақстан мен Украинаның жоғарға сайлау органдары арасында ынтымақтастықтың конструктивтік және өзара тиімді сипат алып отырғанын атай келе, алдағы сайлауды байқауға қатысу ниеті үшін қазақстандық тарапқа ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде ҚР ОСК Төрағасы Қ.Тұрғанқұлов Украинаның Жоғарғы Радасы депутаттары сайлауын байқау жөніндегі әртүрлі Миссиялардың құрамында 27 қазақстандық болатынын айтты. «Біз, әдеттегідей, Қазақстаннан баратын байқаушылар тобын үлкен жауапкершілікпен жасақтадық, және сайлауды байқау объективті тұрғыдан, мемлекеттің қолданыстағы заңына сәйкес жүргізілетін болады»,- деді Ортсайлауком төрағасы.
Кездесу соңында тараптар екі мемлекеттің сайлау органдары арасындағы ынтымақтастық жалғасын табатынына сенімділік білдірді.