Өскемен аспанына 65 әуе шары ұшырылды - Жеңістің 65 жылдығына арналған шара
Бұл акция өткен жексенбі күні Өскеменде Даңқ мемориалының жанындағы алаңда өтті. Шараға «Жасыл ел» мен студенттік еңбек жасақтарының мүшелері, жастар қозғалыстарының, қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялардың өкілдері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, интернационал-жауынгерлер қатысты. Мемориалдық кешен орталығы «Ұлы Жеңіске -65 жыл!» деген эмблемалары бар 65 әуе шарымен безендірілді.
Әдеби-музыкалық кеш барысында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері соғыс зұлматы туралы өз естеліктерімен бөлісті. Кештің соңғы сәттерінде аспанға 65 әуе шары ұшырылды. Осынау әдемі рәсімнен кейін ардагерлер «Болашақ үшін өткенді сақтайық!» деген ұранды арқау еткен студенттік сенбіліктің символы болған лентаны қиды. Сенбілікпен қоса, бұл күні облыс орталығындағы екі әскери бөлім жауынгерлерінің қатысуымен «Отаныма қызмет етемін!» атты сарбаздар конкурсы басталды. Бұл күні сондай-ақ, Мәңгілік алау жанында «Еске алу вахтасы» басталды.