Өскемен аймақаралық ынтымақтастық бойынша форумға әзірленуде
Әкімдіктен хабарлағандай, келелі жиын арқылы биліктің, кәсіпкерліктің және аймақтардағы қоғамдық белсенді бұқара арасындағы өзара әрекеттесу тетіктерін жетілдіру діттелген.
Форумға орталық және жергілікті атқарушы биліктің, даму және қаржы институттарының, 4 аймақтың жүйе құраушы кәсіпорындарының өкілдері қатысады. Жоспар бойынша басқосуға қатысушылар еліміздің шығысындағы бірқатар нысандарында болады, өңірдің индустриялық-инновациялық мүмкіндіктерінің және кәсіпорын өнімдерінің көрмесін аралайды.
2013-2014 жылдарға арналған Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының интеграциясы аясында ынтымақтастық және аймақаралық қарым-қатынасты кеңейту бойынша келісім нобайының жобасы қол қоюға әзірленген.
Еске сала кетейік, Елбасы ««Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында ұлттық экономиканың жаһандық ортаға және еліміздің аймақтарда интеграцияны қажет ететінін атап өтті. Мемлекетіміздегі өңірлердің интеграциясы ел экономикасын ары қарай дамытудың негізіне айналуы шарт.