21:50, 02 Сәуір 2015 | GMT +5
Өскеменде Ертіс көпірі ауданында көлік айырығы пайда болады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменде Ертіс өзенімен өтетін көпірдің алдында екі деңгейлі көлік айырығын салу жоспары қаралып жатыр. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, бұл ауданда көлік кептелісі мәселесін шешетін эстакада пайда болмақ.

Бүгін Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді қалпына келтіру және Өскемен мен Семей қалаларын абаттандыруға арналған жиында ШҚО басшысы Даниал Ахметов жобалық жұмыстарды дереу аяқтап, биыл көпір маңында көлік айырығының құрылысына кірісуді тапсырды.
«Бастапқыда көлік айырығы мәселесін шешіп, кейін көпірді қалпына келтіруге кірісу керек еді. Егер көлік айырығын салмасақ, көпір салудың мәні жоқ», - деді әкім. Д.Ахметов құжаттарды дайындаудың нақты мерзімін бекітті. Техникалық-экономикалық негіздеме 15 мамырға дейін тапсырылуы тиіс. Жобаны қаржыландыру мәселесі ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірге қаралады. Өскемен мен Семей қалаларын абаттандыру бойынша да өңір басшысы бірқатар тапсырмалар жүктеді.