Өскеменде қауіпті 81 электр шәйнек сатылымнан алынды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласындағы «Технодом» дүкендер желісінен техникалық регламент талаптарына сай келмейтін 81 дана электр шәйнек сатылымнан алынды. Бұл туралы Техникалық реттеу және метрология комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті хабарлады.

Азаматтардан түскен шағым негізінде VITEK VT-1122 TR маркалы электр шәйнек зертханалық сынақтан өткізілген. Тексеру нәтижесінде өнімнің қуаты Кеден одағының «Төмен вольтты жабдықтың қауіпсіздігі туралы» ТР ТС 004/2011 техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды.
- Атап айтқанда, 220 В кернеуде шәйнек қуаты 1617 Вт болған, бұл белгіленген нормадан 12,6%-ға кем. Ал 240 В жағдайда қуат 1824 Вт болып, 17,1%-ға төмен көрсеткіш тіркелген. Мұндай ауытқулар тұтынушының қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді, - делінген ақпаратта.
Нәтижесінде «Технодом» желісіне бұл модельді сатылымнан дереу алып тастау және жеткізушіге өнім жеткізуді тоқтату туралы талап жолданды.
Комитет өкілдерінің хабарлауынша, техникалық регламенттерге сай келмейтін өнімді саудалаған тұлғалар мен компаниялар ҚР ӘҚБтК-нің 415-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл көлемі субъектінің мәртебесіне қарай 90-нан 600 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін.
Техникалық реттеу және метрология комитеті тұтынушыларды өнім сапасы мен қауіпсіздігіне мұқият болуға және күмәнді тауарлар туралы уәкілетті органдарға хабарлауға шақырады.
Айта кетейік, Өскемен дәмханасындағы жаппай улануға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.