Өскеменде келеңсіз діни ағымдардан зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі бірыңғай call-орталық жұмысын бастады
Бұл салада үлкен тәжірибесі бар «Бірлік» қоғамдық бірлестігі халыққа діни ағымдардың мәнісі туралы хабардар ету және әртүрлі секталардан зардап шеккендерге көмек көрсету жөнінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алды.
Бұдан бұрын да «Бірліктің» Ақпараттандыру және көмек беру орталығы осы жұмыспен айналысып келе жатқан болатын, енді ол өз жұмысын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс ауқымында одан әрі жалғастырып, жобаның әкімшісі болды. Қала белсендісі Сергей Лебедев бұдан бес жыл бұрын құрған қоғамдық бірлестік осы жылдары халық арасында діни экстремизмнің алдын алумен белсенді айналысып жүр. Оған діни келеңсіз жағдайға ұрынған кез келген адам көмек сұрап жүгіне алады.
С.Лебедевтің айтуынша, қоғамдық бірлестіктің бес жыл бойы жүргізген жұмыстары зая кеткен жоқ. Адамдар бұрынғыдай жергілікті немесе басқа жақтан келген «адам жанын емдеушілердің» әртүрлі тренингілері мен семинарларына ойланбастан бара бермейтін болды. Орталыққа келіп шағымданған азаматтардың өтініші бойынша құқық қорғау ұйымдары шетелдік миссионерлердің жолын кесті, сот шешімімен олар елімізден шығарылды, заңсыз миссионерлік қызметі үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болды.
Сall-орталыққа Қазақстанның кез келген жерінен 8-800-080-26-17 телефоны арқылы тегін хабарласуға болады.