13:21, 04 Шілде 2013 | GMT +5
Өскеменде найзағай кезінде балалар отырған күркеге ағаш құлады
ӨСКЕМЕН. 4 шілде. ҚазАқпарат - Өскеменде балабақшада серуендеу кезінде найзағай ойнап, дауыл көтерілген. Тәрбиеші бүлдіршіндерді күркеге кіргізген.
Алайда бірнеше минуттан кейін күркенің үстіне ағаш құлап, 4 бала жарақаттанды. Жапа шеккен балғындар балалар ауруханасына жеткізілді.
Дәрігерлердің қарауынан кейін үш бала үйлеріне жіберілді. Біреуі «иық сүйегінің төменгі бөлігінің ашық сынық жарақаты, орнынан таюы, жұмсақ тіндердің жарақаты» диагнозымен травматология бөліміне жатқызылды.
Айта кетейік, кеше кешке Өскеменде нөсерлі жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсті. Қатты желдің салдарынан ағаштар құлап, электр тарату желілері үзілді.