Өскемендік экологтарды қала шетіндегі көлде пайда болған майлы сұйықтық алаңдатып отыр
Себебі май топыраққа сіңіп, сол маңайдағы халық тұтынатын ауызсуды ластауы мүмкін. Тұрғындар ішіп отырған су құдықтан алынады. Көлдің бұл жерде пайда болғанына 20-30 жылдам астам уақыт өтті. Экологтарды көлдің бетіндегі майлы сұйықтық алаңдатып отыр. Бұл майдың мұнай өніміне жататыны немесе өсімдік майы екендігі әлі нақты анықталған жоқ. Ескі карьердің орнында пайда болған көлге майлы сұйықтықтың төгіліп жатқандығын алғаш байқаған адам - Анатолий Филиппов. 300 шаршы метр жерді алып жатқан көлден келер қауіпті ескерген ол бірден облыстық экологиялық басқармаға хабарласып, көлдің құрамын зерттеу туралы өтініш жолдапты. Өйткені майлы қоспа топыраққа сіңсе, мал-жанға қауіп төндіруі мүмкін.
«Көл бетіндегі майлы масса топыраққа сіңіп, жер асты суын ластауы мүмкін. Ал осы жердегі тұрғындардың көпшілігі құдықтағы суды ішіп отыр. Оның үстіне бұл маңда ірілі-ұсақты мал да жайылып жүреді. Сондықтан бұл жерді қоршап, көлді тазарту керек»,- дейді экологиялық қауіпсіздік орталығының сарапшы маманы Анатолий Филиппов.
Облыстық экологиялық басқарма мамандары көлден сынама алып, зерттеп шықты. Олардың пайымынша, көл бетіндегі майлы сұйықтықтың иісі де, құрамы да өсімдік майына ұқсас. «Бұл сұйықтық мұнай өніміне жатпайтынын зертханада анықтадық. Яғни,өсімдік майының қалдықтары деп санаймыз», - деген пікір білдіреді облыстық Экология департаменті сараптамалық бақылау зертханасы бөлімінің жетекшісі Клара Рахымбаева.
Сонымен, экологтар облыстық ішкі істер басқармасына хат жолдады. Олар көлге май қалдықтарын төгіп кеткендерді қылмыс үстінде ұстауды сұрап отыр. Ал майлы көлді қалай тазартып, залалсыздандыру керектігін әкімдік өкілдері шешетін болады, деп хабарлайды 24.kz.