Өскемендік оқушылар Ақ Жайық өңірімен танысты
«Туған жерге тағзым!» атты өлкентанулық-зерттеу экспедициясымен олар ең алдымен облыс орталығына маңдай тіреген болатын. Экспедиция құрамындағы 48 шәкірт және 9 ұстаз, бір медицина қызметкері Қазақстандағы көне қалалардың бірі Оралмен, сосын шежіресі алты Алашқа мәлім Сырым ауданымен танысты. Батыс Қазақстанның тарихы, салты, өнерін етене жақын білуді мақсат еткен оқушылар осы сапарда жинаған материалдарын болашақтағы тарихи-зерттеу жобаларына арқау қылмақ. Мақсат - еліміздің әр өңірінің табиғат байлығы мен сол өлкенің тарихын, этнографиясын зерттеу, оны оқу процесі барысында пайдалану, сол сияқты халықтың, жастардың оқушылардың туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыру.
Өскемендік шәкірттер Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында да болды.
«Жайық өңірі - шежірелі өлке, талбесігінде талай дарын, тума таланттарды тербеткен аймақ екеніне біз қанықпыз. Әйткенмен, Қыз Жібек, «Мен қазақпын» деп жер бетіне жар салған қаһарман Жұбан ағамыздың туған жерін өз көзімізбен көргенімізге қуаныштымыз. Мың рет естігеннен гөрі өз көзіңмен көргенде, алар әсер, әрине, ерекше», дейді экспедиция мүшелері.
Ақжайық ауданында оқушылар алдымен «Даңқ» саябағына ескерткіштерге гүл шоғын қойып, Отан, ұрпақ үшін құрбан болғандар рухына тағзым етті, аудандық өлкетану мұражайының экспозицияларын тамашалады. Өскемендік шәкірттерге Жұбан Молдағалиевтың бөлмесі ерекше әсер етті. мұнда олар жыр алыбының өмірі, шығармашылық жолымен танысып, тың мәліметтерге қанықты, ақынның ауылдың басты алаңындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Аудандық балалар шығармашылығы орталығында меймандарға экскурсия ұйымдастырылды. Олар облыстық, республикалық байқауларда үздіктер қатарынан көрініп жүрген жас қолөнершілер, жас техник, фотографтардың көрмелерімен, бастамаларымен, ізденістерімен қызыға танысты.
М.Әуезов атындағы мектептің ғимаратындағы кездесу өскемендік оқушылар мен жергілікті оқушылар арасында пікір алмасу түрінде өтті. Экспедиция жетекшісі Гүлнар Қадырқызы Жайық өңірінің жылы қабылдауына дән риза екендіктерін жеткізді. Қазтуған, Жұбан, Сағынғали, Ақұштап, Қаламқас сынды сөз, өнер майталмандарының отанында жинақталған материалдардан бейнероликтер және фотоальбом жасақталатыны, сапарда әр оқушы арнайы күнделік жүргізіп, өз зерттеулерін, түйген пайымдарын қағазға түсіргені туралы айтты.
Бұл сапардың ерекшелігі - зияткерлік мектептер арасындағы тәжірибе алмасуда. Шығысқазақстандықтар Орал өңірінде саяхатта жүргенде, облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары өз кезегінде Өскеменге сапарға шықты.