Отан қорғаудан артық борыш жоқ - 5517-әскери бөлімінің командирі М.Құрмантаев

«Бүгінде еліміздің ішкі тыныштығын, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздігін қадағалап, қамтамасыз ететін ішкі әскеріміз қандай?», деген сауалға келер болсақ, жауынгерлік қызмет пен дайындықты қамтамасыз етіп отыратын әскери бөлімдер ойға бірінші оралады. Солардың бірі Оралдағы 5517-әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі жайлы бөлім командирі, майор Мамай Құрмантаев былайша әңгімелеп берді:
- Аталмыш әскери бөлімге басшы болып келгелі екі жылға жуық уақыт болды. Бөлімнің жауынгерлік дайындық дәрежесі өте жоғары. Себебі біздің бөлім Орал шаһарында ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірігіп, қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалап, түзеу мекемесінде отырған қылмыскерлерді күзетеді. Жалпы, биыл бөлімнің алдында ең үлкен екі тапсырма тұр. Оның біріншісі - алдағы кәсіби мерекеміз - Отан қорғаушы күніне байланысты Жеңіс алаңында әскери шеру өтеді. Сол әскери шеруге қатысу. Екіншісі - маусым айында Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлерінің Әскери кеңесі болады. Оған байланысты «Сұңқар» әскери орталығында штабтық-командалық оқу-жаттығу өтеді. Соған біздің әскери бөлімнің жауынгерлері белсенді түрде қатысады. Осының бәрін ойдағыдай өткізу біз үшін үлкен міндет болып саналады.
- Мерзімдік қызметке шақырылған жас сарбаздармен бастапқыда қандай жұмыстар жүргізіледі?
-Алдымен әскери бөлімге келген жас сарбаздарды бір айға бастапқы оқу пунктіне жібереміз. Сол жерде олар алғашқы дайындық мектебінен өтеді, әскери өмірдің барлық қыр-сырын үйренеді. Күнделікті әскери қызмет арнайы күн тәртібінен басталады. Сондай-ақ жауынгерлік дайындық сабағынан басқа жас сарбаздарға мәдени-сауықтыру шаралары ұйымдастырылады. Сонымен қоса әскери бөлімнің және қаланың тарихы, көрнекті жерлерін аралатып, таныстырады. Бөлімнің медбикелері күнделікті медициналық тексеріс өткізеді. Алғашқы әскери дайындық оқуы әскери ант қабылдау рәсімімен аяқталады. Осы айтулы мерекеге алыстан ат терлетіп, сарбаздардың ата-аналары келген жағдайда екі күнге демалысқа жібереміз. Әскери ант қабылдайтын күні арнайы мерекелік бағдарлама болады, оған сарбаздардың ата-аналары, достары тума-туыстары да қатысады. Сонымен қатар әскери бөлімдерде арнайы «Ашық есік» күні секілді шаралар өткізіледі. Сол кезде ата-аналар ұлдарының күнделікті әскери өміріндегі қызметтерімен жақын танысып, жататын жерлерін, асханасын, жалпы әскери бөлімнің ішін аралап, өз көздерімен көреді.
Үздік қызмет көрсеткен сарбаздарға ата-анасына немесе жұмыс орнына әскери міндетін үлгілі орындағаны туралы алғысхат жолдау, көтермелеу тәртіптік Жарғыда заңмен бекітілген.
- Тәрбие жұмыстары хақында не айтар едіңіз?
-Әскери бөлімде тәрбие жұмысына үлкен мән береміз. Себебі біздің қызметтің өзге әскери салаларға қарағанда басым ерекшеліктері бар. Түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды күзету болсын, қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтау болсын, қайсының да өз мәселесі мен қиындығы жетерлік. Ол қиындықтарды жеңу - ол тек оны жеңуге ойдағыдай жағдай жасап қою ғана емес, сонымен қатар тәрбиелік жұмыстың шыңына қол жеткізу деген сөз. Сондықтан әрбір сардар жеке құрамның арасында тәрбие қызметінің талапқа сай жүргізілуіне тырысады. Тәрбие жұмысы арқылы мемлекеттік-құқықтық және жауынгерлік дайындық барысында жеке құрам жоғары көрсеткіштерге қол жеткізеді. Тәрбиені балабақшада, мектепте жүргенде ата-ана, мұғалімдер береді. Сол қоршаған ортадан қандай тәрбие алса, ол оның алдағы ғұмырына азық болады. Біз де әскерге келген жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру үшін оларға тәрбиелік маңызы бар шаралар ұйымдастырамыз. Осы мақсатпен жарғы және әскери ант талаптарын дұрыс орындау, отаншылдық пен адалдық жайында кеңінен бағыт-бағдар береміз.