«Отан үшін, әкем үшін...» деп қан майданға аттанған Мәншүк Мәметованың Батыр атанбауы мүмкін емес-ті

РАЛ. Мамырдың 9-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 1922 жылы Бөкей ордасында дүние келген Мәншүк Мәметова небәрі жиырма бір жыл ғұмыр кешіп, шығыс қыздары арасынан тұңғыш рет Кеңес Одағының Батыры атанды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірден айта кететін жайт, Мәншүк Мәметованың әкесінің есімі күні кешеге дейін, тіпті қазір де, Жиенғалиқызы болып қате жазылып келді. Шын мәнісінде батыр қыздың өз әкесінің аты Жеңсікәлі, анасы Тойылша еді. Олардан немере інісі Ахмет Мәметов «оқытып, тәрбиелеймін» деп бес-алты жасында сұрап, асырап алады. Бұл кезде Ахмет Мәметов Н.Чернышевский атындағы Саратов университетінің медицина факультетінде оқыса, оның жары Әмина Сүлейменқызы филолог мамандығын меңгеріп жүрген-ді. Мәншүктің шын аты Мәнсия, кейін анасы «Моншағым» деп еркелетіп, содан Мәншүк атанып кеткен. 1932 жылы өз дәуірінің білікті мамандары Мәметовтер Батыс Қазақстан облысының құрылуына байланысты Орал қаласына келіп, осында қызмет етті (Сарайшық көшесіндегі олардың үйінде қазір Батыр қыздың мұражайы орналасқан). Дәл сол жылы анасы Тойылша, араға екі жыл салып, әкесі Жеңсікәлі қайтыс болады. Қазақ даласында аштықтың ойран салған уақытытұғын. Оралда мектепте оқып, алғашқы қадамдарын бастаған Мәншүкті алда бұдан да ауыр соққы күтіп тұр еді.

Кеңес дәуірінде Мәншүктің әкесі ретінде Ахмет Мәметовтің аталмай келуі оның Батыс Алашорданың қайраткері болуында, сол себептен 1938 жылы «халық жауы» атанып, атылып кетуінде еді. Жасынан Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып, одан Орынбордағы «Хұсайния» медресесіне ауысып, соны тәмамдаған өз заманының озық ойлы азаматы Алаш қозғалысына белсене қатысады. Қатысып қана қоймай, бұрқыратып өлең, мақала жазады. 1917 жылы бөкейлік зиялылармен бірге Ташкент қаласына келіп, «Бірлік туы» серіктестігіне кірді. Сұлтанбек Қожанов редактор, Мұстафа Шоқай шығарушы болған «Бірлік туы» газетінде жұмыс жасайды. Кейін Жымпиты, Қаратөбе өңірінде де алашордалық бағыттағы «Еркін қазақ» газетін шығару ісімен айналысады. Батыс Алашорда таратылғаннан кейін Орал қаласына келіп, 1920 жылы РК(б)П қатарына өтеді. Бұдан соң халық ағарту, медицина саласында да жемісті қызмет атқарды. Басқасын айтпағанда, 1930 жылы Алматыда Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтының негізін қалап, алғашқы директоры болған ол 1931 жылдан бастап Орал облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары ретінде еңбек етті. Ахмет Мәметов жалған жала жабылып, атылып кетпегенде, қызы Мәншүктің тағдыры басқаша қалыптасуы мүмкін еді. Осындай жақсы әкенің жолын қуған Мәншүк өзіне тән өжеттікпен Алматы медицина институтына оқуға түсіп, әрі республика кеңес халкомының хатшылығында жұмыс жасайды. Ол бұл кезде өз әкесінің атылып кеткенін білмеген. Бұған майданнан жазған хаттары дәлел. Мәселен, әкесінің туған інісі Қанаттың әйелі Майраға жіберген хатында Мәншүк: «Әкемді босатыңыз, қыз да болсам соғысқа келдім» деп Сталинге үш рет хат жазғанымен, одан әлі хабар болмағаны жөнінде мәлім етеді. Ал анасы Әмина Сүлейменқызына жазған хатында: «...Егер қаза болсам, Отан үшін, әкем үшін және сіз үшін...» деп атап көрсетеді. Оның осындай хаттары қазір Оралдағы мұражай-үйінде сақтаулы.

Осылайша Отаны үшін, әкесі үшін майданға аттанған Мәншүктің соғыстағы ерлігі талай жазылды, талай өлең-дастандар дүниеге келді. Бастапқыда қазақстандық 100-атқыштар бригадасының штабында қызмет еткен ол мұны қолай көрмей, көп ұзамай пулеметші атанып, алдыңғы шептен бір шықты. Пулеметшілер бөлімшесінің командирі болған гвардия аға сержанты Мәншүк Мәметова Невель қаласы үшін кескілескен шайқаста қаһармандықпен қаза тапты. Бұл 1943 жылғы қазанның 15-і еді. Ұрыс даласында жалғыз қалып, жараланса да, пулеметтен оқ жаудыруды тоқтатпады. Екі қолы пулемет тұтқасынан айрылмастан көз жұмған батыр қыздың алдында жетпістен астам фашистің өлігі жатты. Мәншүктің ерлігі майдандастарына қатты әсер етті. Мәншүк үшін кек алуға ұмтылған кеңес жауынгерлерін ештеңе де тоқтата алмады.

1944 жылғы наурыздың 1-інде Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Бүгінде Невель, Орал, Алматы қалаларында, сондай-ақ Орда, Жәнібек ауылдарында Батыр ескерткіші орнатылған. Орал қаласындағы орталық көшелердің бірі, Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылындағы орта мектеп М.Мәметова есімімен аталады. 1982 жылы Оралда ашылған мұражай-үйінде қазақтың батыр қызына арналған шаралар ұдайы өтіп тұрады.

Соңғы жаңалықтар