Отандық дәрігерлер 25 адамға жаңа жүрек сыйлады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда үміт пен күдіктің арасында қарманып, фәниде өткен әр күнін санап жүрген адамдар бар. Олар өз ағзасы істен шығып, тағдыры донорға байланып қалған науқастар.
None
None

Астанадағы кардиологиялық орталық Орта Азияда алғаш болып ағзаның басты органы - жүректі алмастыруға бел байлаған еді. Осыдан тура 3 жыл бұрын қазақстандық дәрігерлер алғаш рет науқастың жүрегін алмастырып, оған жаңа өмір сыйлады. Бұл - отандық медицина тарихында жаңа парақтың беті ашылған күн, деп хабарлады www.24.kz.

Содан бері ақхалаттылар 25 адамға сәтті ота жасап, өзгелердің әлсіз жүрегіне үміттің өшпес отын жақты. Дәл осы кардиологиялық орталықта өмірден күдер үзіп, үміті өшкен азаматтар екінші мәрте дүние есігін ашты. 7 сағатқа созылған ауыр отадан кейін көзін ашқан 25-науқас ертең ауруханадан шығып, жаңа жүрекпен жаңа өмірге аяқ баспақ. 42 жастағы Нұрлан Құбдановты үйінде келіншегі мен 3 баласы күтіп отыр.

«Інімнің жүрегі 2009 жылдан бері ауыратын. Мұнда келген кезде әзер дем алып жүрді. 1 айдың ішінде дәрігерлер інімді аяққа тұрғызды. Ал донорлық туралы бұрын-соңды ойламап едік. Енді оны насихаттауға күш салатын боламын», - дейді науқастың әпкесі Алуа Жұбаниязова.

Ал 3 жыл бұрын тағдырын ақхалаттыларға тапсырып, пышақтың астына түскен алғашқы науқас қазір өмірінің әр күніне шаттанып, өзімен тағдырлас жандарға қолдау көрсетіп жүр. Қазір олардың үлкен ортақ мақсаты бар. Әлімбай Тасболатұлының да жаңа жүрекпен жүргеніне бүгін тура 100 күн.

«Менің кеудемде басқа адамның жүрегі соғып тұр. Ол адамға мың да бір рахмет, келісім берген туыстарына рахмет айтамын. Біреуге өлім тілемейміз. Бірақ сол қайтыс болған адам жүрекке зәру адамдардың өмірін құтқарады», - дейді Әлімбай Тасболатұлы.

Ал бүгінде Қазақстан бойынша 62 адам жүрегіне донор күтіп жүр

«Қазір жүректі алтауы біздің орталықта күтіп жатыр, біреуі жансақтау бөлімінде, алтауы бөлімшеде. Қалғаны үйлерінде. Донор келгенде біз шақырып аламыз. Қан тобы, резус факторымен сәйкес келсе, шақырып, осы жерде тағы биологиялық сынақ жасаймыз», дейді Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Гүлжан Мырзахметова.

Мамандардың айтуынша, оқыс жағдайда көз жұмған сау адамның ағза мүшелері кемі 4 науқасқа өмір сыйлай алады. Тек оған туыстары көнсе болғаны.

Соңғы жаңалықтар