Отандық кәсіпорындардың дайын өнімдеріне сұраныс артты -ҚР Ұлттық банкінің мониторинг қорытындысы

Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченконың айтуынша, шілде айындағы мониторингке қатысқан 2078 кәсіпорынның 28,1 пайызы өнімге сұраныс артқанын көрсеткен. 18,9 пайызы төмендеуін атап өткен. Шілде айында кәсіпорындардың дайын өнімінің бағасы жалпы алғанда салыстырмалы түрде тұрақты болған. Өткен тоқсанмен салыстырғанда кәсіпорындардың 74,3 пайызы бағаның өзгермегендігін атап өтсе, 17,4 пайызы - бағаның өсуін, 7,5 пайызы- бағаның төмендеуін атап өткен. Шілде айының қорытындысы көрсеткендей, кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігі ұлғайған.Инвестициямен қаржыландырылмаған кәсіпорындардың үлесі айтарлықтай төмендеп, осы мақсат үшін меншік қаражатын және банктердің несиелерін пайдаланған кәсіпорын саны ұлғайған. Бұл ретте банктерден несиелер алған кәсіпорын саны 20,7 пайызға дейін ұлғайған. Г.Марченко мониторинг қорытындысы кәсіпорындарда жағдай жалпы алғанда тұрақты екендігін көрсетті дейді.