Отбасы мықты болса, мемлекет те мықты - Кенжебаевтар отбасы, БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде 26 отбасының арасынан озып шығып, үздік деп танылған Кенжебаевтар отбасы енді Астана төрінде өнер көрсетпекші.
None
None

Сырым ауданында тұратын ерлі-зайыпты Жасқайрат пен Баян Кенжебаевтарды жерлестері өнерге құштар жандар ретінде жақсы біледі.

Осы ауданның Ақырап ауылында өмір есігін ашқан Жасқайрат Жолымбетұлы Орал қаласында сол кездегі ана тілінде сабақ беретін жалғыз қара шаңырақ - С.Сейфуллин атындағы №11 орта мектепте білім алып, 1985 жылы арман қанатында Алматыға аттанады. Әнші болуды мұрат тұтқан жас Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің сыныбына құжатын тапсырғанмен, «жасы 18-ге толмаған» деген себеппен қабылданбайды. Бұл кедергі оның өнерге құштарлығын жоя алмады. Ауылға оралып, қолына құрық алып, жылқы бақса да, қиқулатып, ән салатын. Бірде облыс орталығы Орал қаласына Алматыдан белгілі әнші, Жәнібек ауданынан түлеп ұшқан Мұрат Каримуллин (қазір марқұм) келіп, «Біз таланттарды іздейміз» атты облыстық байқауын өткізеді. Соған қатысқан Жасқайраттың да бағы жанып, үшінші орынды иеленді. Оның орындаған әндері телестудияда бейнетаспаға жазылды. Осылайша өнерімен көзге түскен жас жігіт аудандағы сала басшыларының ықпалымен Ақырап ауылдық мәдениет үйінде көркемдік жетекші қызметін атқара бастады. Кейін еңбек баспалдақтары Жаңаөңір, Қарағанды ауылдарындағы мәдениет үйлерінде жалғасты.

1987 жылы Көгеріс ауылының қызы, мұғалім Баян Санаққызымен отау тіккен Жасқайрат сахнаға енді сүйген жарымен бірге шығатын болды. Өнерді жанындай жақсы көретін ерлі-зайыпты жандар ел қатарлы еңбек етіп қана қоймай, жеті бірдей ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Қазіргі кезде қос келін түсіріп, қызын ұзатып, бес немере, екі жиеннің қызығын көруде. Бабаның қанымен, ананың сүтімен берілген өнер балаларына да дарымай қалған жоқ. Ұлдары Темірлан бармағынан бал тамған шебер домбырашы болса, егіз қыздары Айман мен Шолпан - күміс көмей әншілер.

Өнерімен өрге жүзген Кенжебаевтардың отбасылық ансамблі 2010 жылы Оралдағы мектепішілік отбасылар байқауында және облыстық отбасылар сайысында бірінші орынды иеленді. Ал Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында «Өнер шамшырағы» атты байқауда дипломант атанып, бағалы сыйлықпен марапатталды.

«Балалы үй базар» дегендей, шаңырағынан балдырғандардың сыңғырлаған күлкісі кетпеген Кенжебаевтардың отбасылық ансамблі түрлі аспаптардың сүйемелдеуімен әуелете ән шырқап, күмбірлете күй шертіп, өз өнерлерін көпшілікке паш етіп келеді. Мысалы, өткен жылдың желтоқсанында Тәуелсіздік мерекесіне орай Кенжебаевтар қойған «Өнерден таптық бақытты» атты концертке аудан әкімі Абат Шыныбеков те қатысып, өнерпаздарға тарту-таралғысын тапсырып, құрмет көрсетті. Сондай-ақ өткен жылы «Қазақстан - Орал» телеарнасынан Кенжебаевтардың отбасылық ансамблі туралы «Жұрт мақтаса» атты арнайы хабар көрсетілді.

Осылайша өнерден өз бақыттарын тапқан Жасқайрат пен Баян Кенжебаевтар бүгінде Қосарал ауылында тұрады. Ері мәдениет майданында тер төксе, Баян - тәжірибелі ұстаз.

Жасқайрат Жолымбетұлының сөзіне қарағанда, Жаңақала ауданында тұратын нағашы апасы Уасиха Ғарифолла сыныбын бітірген дәстүрлі әнші екен. Оған қоса анасы Насиха, әкесі Жолымбет те өнерден құр емес-ті. Жасқайраттың өнер жолына түсуіне алдыңғы буын өкілдері, аға-апалары әсер етпей қалған жоқ. Отбасы берекесін келтіріп отырған Баянының демеуін де үнемі сезініп отырады.

«Елімізде Елбасы тапсырмасына сәйкес ұлттық, отбасылық құндылықтарды қастерлеуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Шындығында да отбасылар мықты болмайынша, мемлекет іргесі де бүтінделмейді. Президентіміздің «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру үшін ең алдымен дені сау, білімді де өнерлі ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Осындай қасиетті іске біз де үлес қоса білсек, бақыттымыз», - дейді ерлі-зайыпты Кенжебаевтар.

Соңғы жаңалықтар