Өткен тәулікте республикада далалы алқаптағы екі өрт ауыздықталды - ТЖМ

Батыс Қазақстан облысы Жаңғала ауданына қарасты Көпжасар ауылдық округінде, тамыздың өткен 10-ы күні 21 сағат 20 минутта басталған, 1670 гектар аумақты шарпыған өрт кеше, тамыздың 12-сі күні ауыздықталды. 400 тонна пішендік жанып кетті.
Төтенше жағдаймен күресуге ТЖМ-ның БҚО бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 8 адамы мен 2 техникасы және жергілікті 25 тұрғын мен олардың 4 техникасы жұмылдырылды.
Сондай-ақ тамыздың 11-і күні таңертең, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Жалғызқұдық ауылының 540 гектар далалы алқабы өртке оранды.
Жалын облыс бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 27 адамы мен бес техниканың, сондай-ақ Қарақұдық ауылдық округінің 27 адамы мен 2 техниканың күшімен келесі күні сөндірілді.
Құтқарушылардың айтуынша, екі жағдайда да құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.