Өткен тәулікте Шығыс Қазақстандағы жағдай біршама тұрақты болды
Бірақ, бұдан бұрын хабарлағандай, сәуірдің 7-9-ы аралығында ауа температурасының жоғарылауынан тау өзендері арналарынан тасуы ықтимал.
Құтқару және басқа да кезек күттірмес жұмыстар жүргізілуі керек жерлерге Төтенше жағдайлар министрлігінің облысқа жөнелтілген барлық бөлімдері келіп жетті. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің 1119 адамы мен 220 техникасы құтқару жұмыстарына атсалысуда.
Сейсенбі, сәуірдің 6-сы күні 28237 әскери бөлімінің колоннасы Қарағандыдан Мемлекеттік материалдық резервтің 176,7 тонна жүгін тиеп, Өскемен қаласына бет алды.
Аймақта төтенше қызмет пен жергілікті атқарушы органдарының барлық күші су тасқынының алдын алу және тұрақты мониторинг жүргізу жұмыстарына бағытталып отыр.
Бородулиха ауданының Орловка селосында арнайы мобильді топ ауыл сыртында мол судың жиналғанын тіркеп отыр. Ескі жолды жедел ашқан олар, суды айналма арықтар арқылы ағызып жіберіп, тұрғын үйлерді судың басуына жол берген жоқ.
Күршім ауданында судағы құтқару стансасының қызметкерлері мен «Шығысқопаруөнеркәсіп» мамандары Күршім өзенінің арнасында 12 жару жұмыстарын жүргізіп, судың еркін қозғалуына мүмкіндік жасады. Жол қызметтерінің, төтенше ведомство бөлімшелерінің және жегілікті биліктің күшімен 937 су өткізу құрылғысы мен 30-дан астам көпір тазартылды.
Құтқарушылар Тарбағатай ауданында судан зардап шеккен халыққа азық-түліктер, жем-шөптер, басқа да керекті заттар жеткізуге тұрақты көмек көрсетіп отыр.