Өткен жыл ішінде экономикаға несие көлемі 15,7 пайызға ұлғайды - Ұлттық банк төрағасы

Бір жыл ішінде экономикаға несиелердің көлемі 15,7 пайызға ұлғайып, 8,8 трлн. теңге болды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген отырысында «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Григорий Марченко мәлім етті.
ҰБ төрағасының айтуынша, былтырғы жылы экономикаға ұлттық валютадағы несиелердің көлемі 29,6 пайызға өссе, шетел валютасындағы несиелер 3,4 пайызға қысқарған.
«Жалпы 2011 жылы банк жүйесіндегі депозиттердің көлемі 14,3 пайызға немесе 8,4 трлн. теңгеге дейін өсті. Халықтың салымдары 2011 жылы 22,6 пайыз өсіп, 2,8 трлн. теңге болды. Оның ішінде халықтың ұлттық валютадағы салымдары 27,9 пайызға, шетел валютасындағы салымдар 16 пайызға өсті. Бұл көрсеткіштің бұдан әрі оң серпініне жеке тұлғалардың депозиттері бойынша кепілдік берілген өтемақы сомасының 5 миллион теңге мөлшерінде тұрақты негізде сақталуы ықпал ететін болады», - деді Г. Марченко.
Оның айтуынша, 2011 жылы қаржы нарығының барлық бөліктерінде оң серпін байқалды. Мәселен, 2011 жылы банктердің активтері 6,5 пайызға ұлғайып, 12,8 трлн. теңгені құраған. Сондай-ақ, 2011 жылы сақтандыру ұйымдарының активтері 12,9 пайызға ұлғайып, 387,7 млрд. теңге болды. Ал зейнетақы жинақ ақшасы 17,7 пайызға артып, 2,7 трлн. болды.