09:57, 02 Қаңтар 2012 | GMT +5
Өткен жыл Сыр өңірі спортшылары үшін айтарлықтай табысты болды
ҚЫЗЫЛОРДА. 2 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Өткен, 2011 жыл Қызылорда облысының спортшылары үшін айрықша табысты жыл болды,
деді облыстық туризм және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстафаев.
Осы жылы қызылордалық ауыр атлет Илья Ильин еліміздің тәуелсіздік жылдарында әлемнің үш дүркін чемпионы атағын жеңіп алған екінші спортшысы болды. Ол осы арқылы әйгілі шаңғышы Владимир Смирновтың жетістігін қайталады. Бұл сырбойылық саңлақтың Қазақстанның 2011 жылғы ең үздік спортшысы атануына мүмкіндік берді. Қазақ күресінің тарланы Ұлан Рысқұл тұңғыш рет өткізілген «Қазақстан барысы» турнирінде топ жарып, бас бәйгені жеңіп алды. Боксшы Рустам Сваев Азияның екінші боксшысы атанды. Бірқатар былғары қолғап шеберлері халықаралық турнирлерден жүлделі оралды. Ал «Қайсар» футбол командасы қиын жағдайда өзінің Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды.