Өткен жылғы 1 қыркүйектен бері 6,5 млн. тонна астық экспортқа шығарылды - А.Мамытбеков

«27,6 млн. тонна көлемінде таза салмақта астық жиналды. Оның ішінде бидайдың үлесі 22,5 млн. тонна. Бұл рекордтық астық шығымы» , - деп тоқталған министр, осы орайда астықты сату мәселесі бойынша бірқатар шаралар қарастырылғанын айтты.
«Былтырғы бюджетте 5 млрд. теңге, биылғы бюджетте 10 млрд. теңге қосымша қарастырылды. Жалпы, 15 млрд. теңге көлемінде экспорттық тасымалдау шығындарын субсидиялау мәселесін қарастырып, бүгінде Балтық және Қара теңізге шығып жатқан астықтың тоннасына 6 мың теңге субсидия беріліп жатыр. Соның арқасында қазіргі кезде 2 млн. тоннаға жуық астық тасылды», - деді А. Мамытбеков.
Оның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап 6,5 млн. тонна астық экспортқа шықты. Оның ішінде 2 млн. тонна субсидияның арқасында. Осы орайда ол осы субсидия мәселесі қазіргі кезде де қарастырылып отырғанын жеткізді. Бұдан бөлек министр қазір өткен жылғы астық жинау науқанында орылып, далада қалған құрғақ астық элеваторларға жеткізіліп жатқандығын жеткізді. Оның пайымдауынша, осындай астықтың көлемі бүгінде аяқталуға жақындады.