Өткен жылы бюджеттің 219,3 млрд. теңгесі тиімсіз игерілді - Есеп комитеті

Комитет төрағасының айтуынша, республикалық бюджетті нақтылау және бірнеше мәрте түзетуге қарамастан, орталық мемлекеттік органдармен 41,8 млрд. теңге бюджет қаражаты игерілмей қалған. Ал квазимемлекеттік сектор субъектілерінің игермеген сомасы 21,8 миллиард теңгені құрап отыр. «Есеп комитеті республикалық бюджет қаражатының шығыстары бойынша бақылау іс-шаралары барысында жалпы сомасы 124,7 млрд. теңгені құрайтын бюджеттік және басқа да заңнама бұзушылықтарды анықтады», - деді төраға А.Мусин. Оның айтуынша, негізінен бұндай заң бұзушылықтар бюджеттік өтінімдерді қарау барысында, мемлекеттік сатып алуларды өткізу барысында, нысаналы трансферттерді пайдалануда орын алып отыр.
«Жалпы Есеп комитетінің бағалауы бойынша 2012 жылдың бюджетін атқару кезінде Үкімет 219,3 млрд. теңге қаражатты тиімсіз пайдаланған. Бұл республикалық бюджет шығысының 3,6 пайызын құрайды», - дейді төраға.