14:48, 07 Қаңтар 2012 | GMT +5
Өткен жылы Қарағанды облысында 3 мыңға жуық ұялы телефон ұрланды
ҚАРАҒАНДЫ. 7 қаңтар. ҚазАқпарат /Ольга Петренко/ - Қарағанды облысында 2011 жылы 3 мыңға жуық ұялы телефон ұрланды. Бұл туралы облыс бойынша ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ұялы телефон ұрлау оқиғасы әлі де ең жиі кездесетін қылмыстардың бірі болып табылады. Өткен жылы облыс тұрғындарынан 2 986 ұялы телефон ұрланып, олардың 983 телефонын полиция қызметкерлері иелеріне қайтарған», - деп хабарлады облыс бойынша ІІД-нің баспасөз қызметі.
Көбінесе ұялы телефондар ұрлау оқиғасы адамдардың бейқамдығынан болады деп түсіндірді полиция қызметкерлері. «Ұрылар көбінесе телефон қараусыз қалғанда алып кетеді. Сондай-ақ жолаушылар көлігінде жүретін адамдардың қалтасынан ұрлау жиі кездеседі» , - деп атап өтті облыс бойынша ІІД-нің баспасөз қызметі.
Ведомствоның берген ақпараты бойынша, ұрлық бойынша болып жатқан оқиғалардың үштен бір бөлігі қарақшылардың шабуылынан болады екен.