Өзбекстан компаниялары Қазақстанда су үнемдейтін технологияларды енгізуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Өзбекстан су айдыны туралы келісім жобасын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Бұл туралы Ташкентке өзбекстандық әріптесі Шавкат Хамраевпен кездесу үшін жұмыс сапарымен келген Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті.
— Өзбекстанда суды үнемдейтін технологияларды енгізу қарқынды жүріп жатыр. Мұнда арнайы ақпараттық-талдау орталығы жұмыс істейді. Орталық мамандары бүгін есеп берді. Соңында екіжақты келісімге келдік. Біздің қызметкерлер наурыз айында Өзбекстанға келіп, осы тараптың атқарып жатқан жұмыстарымен танысады. Болашақта келісімге келер болсақ, өзбек компаниялары Қазақстанда суды үнемдейтін технологияларды енгізумен айналыса алады, — деп жауап берді министр.
Өзбекстан каналдарды бетондау арқылы су шығынын 15 пайызға азайтты. Қазақстанда да ірі жобалар жүзеге асырылды.
— Өткен жылы ұзындығы 400 шақырымнан асатын 80 ирригациялық жүйені бетондадық. Дәл осындай жөндеу жұмыстары қазір арықтың 1531 шақырымында жүргізіліп жатыр. Үкімет қаулысымен 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Тиісінше, 2028 жылға қарай 14,5 мың шақырымнан астам суару жүйелеріне жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Сметалық құжаттама дайын, биыл республикалық бюджеттен және Ислам даму банкінен қаржы бөлінеді, — деп түйіндеді сөзін Нұржан Нұржігітов.
Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан су айдыны туралы келісімнің жобасын әзірлеу үстінде.
Бұдан бөлек, Шардара су қоймасына 4,5 млрд текше метр су жиналды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 1,87 млрд текше метрге артық. Су мәселесіне тоқталған Нұржан Нұржігітов «Жағдай былтырғыдан жаман болмайды» деп сендірді.
Бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария бойына су есептейтін құрылғылар орнатуды биыл аяқтайтынын жазған едік.