ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫП: Қытай Компартиясы басқарушы құрамы мен Қытай үкіметінің ауысуы ҚХР мен Орталық Азия елдері арасындағы достық қарым-қатынасқа кері әсерін тигізбейді - Чэн Гопин
Оның айтуынша, ҚКП-ның 18-інші съезінде Қытай Компартиясының жаңа басқарушы құрамы сайланатын болады. Қытай үкіметі келер жылдың наурызында Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысында (БХӨЖ) ауысады. «Қытай үкіметі мен ҚКП басқарушы құрамының ауысуы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы әріптестік қарым-қатынастарға кері әсер етпейді», - деп баса айтты ол.
Қытай дипломатының айтуынша, Қытай саяси басшылығының көзқарасы бойынша ҚХР-дың бұрынғы басшылары да, қазіргі буын басшылары да біздің дәстүрлі достығымыз бен Орталық Азия елдерімен арадағы әріптестік қарым-қатынастарды жоғары бағалайды. «Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы дипломатиялық қатынастардың 20 жылында достығымыз бекіп, әріптестігіміз дами түсті. Екіжақты байланыс күнделікті жолға қойылып, сондай-ақ мемлекет басшыларының жеке достықтары да жаңа сатыға көтерілді. Қытай сияқты Сіздердің елдеріңіз де бір-бірін ынтымақтастық үшін адал да сенімді әріптес ретінде танып келеді», - деді Чэн Гопин.
Одан әрі Қытайдың сыртқы саяси ведомствосы басшысының орынбасары тараптар бір-бірінің түпкі мүдделеріне қатысты мәселелерде де, мысалы тәуелсіздігімізге, саяси тұрақтылығымызға немесе экономикалық дамуымызға қатысты сұрақтарда да әрдайым қолдау көрсетіп отыратындығын алға тартты. «Қытай үкіметі Орталық Азия елдерінің өз даму жолын ерікті түрде таңдауға деген құқығын әрдайым сыйлайды. Қытай Орталық Азияның тұрақты әрі дамыған өңір болуын қалайды. Біз саяси тұрақтылықты, экономиканың дамуын, сондай-ақ Орталық Азия халықтары әлеуетінің үздіксіз жақсаруын тілейміз. Орталық Азияда қуатты әрі өркениетті, күшті әрі дамыған елдердің орнығып, қалыптасуы Қытайдың негізгі мүдделеріне жауап береді деп санаймыз», - деді Чэн Гопин.
Сондай-ақ, Чэн Гопин Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестікті қозғай отырып, Қытай мен Қазақстан басшыларының тікелей қатысуы және назар аударуы арқасында соңғы жылдары екі ел арасындағы әріптестік дамуының нақты әрі тұрақты үрдісі байқалуда екенін атап өтті. «Мен кезінде Сіздердің елдеріңізде қызметте болдым, сол кезде Астанада орын алып жатқан үлкен өзгерістерге өз көзіммен куә болдым. Осы жылдар аралығында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшлығымен Қазақстан тек саяси тұрақтылықты сақтап қоймай, сонымен қатар экономикалық тұрғыда жақсы дамыды деп санаймын. Сіздердің елдеріңіз өзінің жетістіктеріне сүйене отырып, дүниежүзілік экономикалық дағдарыс дауылынан аман шығып, қазіргі заманғы талаптарға толығымен жауап бере алатын дамудың даңғыл жолына түсті деп толық сеніммен айтуға болады», - деп ерекше атап өтті дипломат.
«ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао мен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арасында берік достық орнады. Президент Назарбаев аймақтық және халықаралық тұрақтылықты сақтау шеңберінде көптеген маңызды бастамалар көтерді. Бұл шаралар өңірде, сондай-ақ тұтастай әлемде тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде үлкен рөл атқарды», - деп толықтырды ол өз ойын.
Қытай дипломаты, сондай-ақ, 1992 жылы дәл осы Президент Назарбаевтың бастамасымен Азия құрлығында бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды қызмет атқарып келе жатқан АӨІСШК құрылғандығын атап өтті.
«Жуырда мен қазақстандық тараптың шақыруымен Астанада өткен АӨІСШК-тің 20 жылдық мерейтойлық шарасына қатысып қайттым. Осы ретте Қытай үкіметі АӨІСШК-ке 2014-2016 жылдар аралығында төрағалық етуге берген өтінішін қолдап отырған Қазақстан үкіметіне дән риза екендігін айта кеткім келеді», - деді Чэн Гопин.
«Біз тек екіжақты қарым-қатынасты дамытып қана қоймай, сонымен қатар халықаралық аренада достық іс-қимыл мен өзара үйлесімділікті сәтті іске асырып келеміз», - деп атап өтті қытайлық дипломат.
Президент Назарбаевтың Кедендік Одақ құру туралы бастамасы жөнінде сөз қозғай келе, Чэн Гопин «біз бұл мәселеге толық түсіністікпен қараймыз және қолдаймыз. Қытай КО құру бастамасының сәтті болуына шын ниетпен тілектес. Біз бұл одақпен де әріптестік қарым-қатынас орнатуға дайынбыз» деген ойларын ашып айтты.
«Біз Орталық Азияның тұрақтылығы мен көркеюіне ықпал ететін, сондай-ақ Қытай мен Орталық Азия елдерінің әріптестігі мен достығының дамуын көздейтін кез келген игі бастамаларға қолдау білдіреміз», - деп сөзін түйіндеді Чэн Гопин.