«Өзен-Горган» мен «Ералы-Құрық» теміржол желілері - аймақ елдерін байланыстыратын өмірлік маңызды жол

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс басшысы Қ. Елеуұлының айтуынша, «Өзен-Горган» теміржол желісін құру жобасын іске асырудың Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор.
Болат магистраль Солтүстік-Оңтүстік жаңа трансұлттық дәлізінің маңызды буыны болумен қатар, бұл бағыттың қажеттілігі- экономикалық жағынан тиімділігінде.
Өйткені теміржол желісі Еуропа мен Азияның көліктік желісімен түйісетін болады.
Басқаша сөзбен айтқанда аймақ елдерін байланыстыратын жаңа көліктік дәліз өмірлік маңызды жолға айналады және шынайы экономикалық пайда және тең құқылы әріптестік жағдайларында сындарлы бірігуге ықпал ететін болады.
«Жаңа жолдың жалпы ұзындығы 650 шақырымды құрайды. Жобаның құны - 620 млн. АҚШ доллары. Осы бағытты пайдаланудың алғашқы жылдары жыл сайын 3-5 млн. тонна жүк тасымалдауға болады. Келешекте бұл көрсеткіш жылына 10-17 млн. тоннаға дейін өсуі тиіс» дейді Қ. Елеуұлы.
«Өзен-Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» темір жол желісінің құрылысына биыл республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінді. Ағымдағы жылы қазан айының басында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен аталмыш нысанның құрылысының бастау алғаны белгілі. Құрылысқа арналып бірнеше мың жұмыс орындары ашылды.
Сондай-ақ «Ералы-Құрық» теміржол желісін салу жобасын жүзеге асыру үшін 8 млрд. теңгеден астам қаржы тартылмақ.
Жобаның негізгі мақсаты - Қазақстанның Каспий теңізі жағалауы аумағының инфрақұрылымын дамыту және Құрық портына көлікпен тасымал мүмкіндігін арттыру болып табылады.
Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, бұл жоба іске асар болса біздің ұтатын тұсымыз көп. Санамалай келсек, ең алдымен Құрық порты жүк аумағы дамытылады, Құрық портының айналасындағы жағалау инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасалады. Қазақстандық жүктерді Каспий теңізіне жеткізу жеңілдейді, сонымен қатар Ақтау теңіз портына түсетін салмақ азаяды.