18:37, 23 Қыркүйек 2011 | GMT +5
Өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді жақсы меңгергендер қатары артып келеді - БҚО
ОРАЛ. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді жақсы меңгергендер қатары артып келеді. Бұл облыстық тілдерді дамыту басқармасы, «Ағартушы» мемлекеттік тілді оқыту орталығы «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалымен бірлесіп өткізген дәстүрлі байқауда айқын көрінді.

«Тіл - халықтың жанын танудың кілті» деп аталған байқауға 14-22 жас аралығындағы 16 үміткер қатысты. «Ағартушы» орталығының жетекші маманы Жадыра Сапарованың айтуынша, әсіресе, ауылдық жерден келген қатысушылардың дайындығын ерекше атап өтуге болады.
Сайыс қорытындысында Шыңғырлау ауданынан келген оқушы Виктория Девяткина бас жүлдені жеңіп алды. Ол енді елордада өтетін республикалық байқауға қатысады. Ж.Досмұхамедов атындағы педколледж студенті Нина Павлычева бірінші орынды еншіледі.