13:08, 02 Сәуір 2017 | GMT +5
Пәкістанда рухани тәлімгер өзінің 20 ізбасарын өлтірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Пәкістанның солтүстік-шығысындағы рухани орталықтардың бірінде тәлімгер өз жақтастарымен бірге кем дегенде 20 жамағатты өлтірді.
Оларға алдын ала есірткі берілгені анықталды. Оқиға Пенджаб провинциясының Саргодха қаласында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Қылмыскерлер адамдарды өлтіру үшін мачете мен сойылды қолданған. Сондай-ақ жарақат алған тағы үш адам туралы хабарлануда.
Шабуыл жасаған қаскөй ауыр психикалық сырқатқа шалдыққаны белгілі болды.
Өз кезегінде, Синьхуа агенттігінің ақпаратына сәйкес, жаппай адам өлтіру оқиғасы орын алған ғимарат бірнеше жыл бұрын тұрғызылған және рухани орталық биліктің тыйым салуына қарамастан жұмыс жасап келген.
Полиция күдікті мен оның бес сыбайласын тұтқындады, тергеу жұмыстары жүргізілуде.