Пара алған қызметкері үшін басшысы қызметінен кетті - Түркістан облысы
А. Үмбетәлиев мемлекеттік қызметте 40 жылдай қызмет атқарған. Дегенмен, қарамағындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа күдікті болып ілінгеннен кейін, басшылықтан өз еркімен Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы лауазымынан кетуді сұрады.
Ол қызметінен кете отырып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті, Түркістан облысы әкімдігі және құқық қорғау органдарының басшылығына оған сенім білдіргені және Департаменттің ұжымына алғысын айтты.
Еске салайық, биыл 15-16 ақпанда еліміздің оңтүстігіндегі 3 облыс пен Алматы қаласында арнайы ауқымды операция жүргізіліп, нәтижесінде 35 адам ұсталған болатын. Олардың арасында кеден органының, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер, делдалдар, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері бар. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ұсталған 13 адам қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасындағы «Сарыағаш», «Қазығұрт», «Атамекен», «Қапланбек» шекара бекеттерінің қызметкерлері болған. Ұсталған 13 күдіктіге «Пара алу» бабы бойынша айып тағылып, үшеуі «Пара алуға көмектесу» бойынша ұсталды. Оларға екі айға уақытша тергеу абақтысына қамауға алу туралы санкция берілген болатын.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 2018 жылдың 2 маусымында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұржан Теңлібаевты ұстады. Ол қылмыстық жоспарды ұйымдастырып, өзіне бағынышты төрт кедендік бекеттің басшыларын қылмысқа тартқан. Сыртқы экономикалық қызметтегі жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алуды ұйымдастырған. Ұлттық бюро мәліметі бойынша, 2017-2018 жылдар аралығында алынған заңсыз сыйақының көлемі 1,2 млн АҚШ долларын құраған.