14:33, 28 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Парламент биыл өз бюджетінің 30 пайызын үнемдеп, қазынаға қайтарды
АСТАНА. Желтоқсанның 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әкімшілік шығыстарды қысқарту мақсатында Парламент биылғы жылы бюджет қаражатының 30 пайызын үнемдеп, қазынаға қайтарды. Бүгін ағымдағы жыл ішінде Парламент Сенатының атқарған жұмыстарын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында Сенат аппаратының басшысы Мұрат Нұртілеуов осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылы әкімшілік шығыстарды қысқарту жөніндегі ҚР Президентінің Жарлығы бойынша ҚР Парламенті 30 пайыздық бюджеттік қаражатты үнемдеп, қаржы республикалық қазынаға қайтарылды. Атап айтсақ, бюджет қаражатының негізінен әкімшілік және өкілеттік шығыстары қысқарды. Сонымен қатар, коммуналдық және материалдық-техникалық жарақтандыруға қатысты қаражаттың да басым бөлігі, байланыс, көлік шығыстары және жөндеу жұмыстарына арналған қаржының ауқымды бөлігі қайтарылды», деді М. Нұртілеуов.