Парламент Елбасы шұғыл деп жариялаған рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңды қабылдады
Аталған құжат рұқсат беру жүйесін бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерді пайдалана отырып реттеуге бағытталған. Сонымен қатар, Парламент қабылдаған заң негізінен еліміздегі кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, бизнесті жандандыруға, оның қызмет аясын кеңейтуге жұмыс істемек. Жалпы заңнамада рұқсаттамалар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары қамтылып отыр. Атап айтқанда, ол бойынша тұтынушылар, кәсіпкерлер мен мемлекет мүдделерінің теңгерімі, рұқсат беру мен хабарлама жасау тәртіптерін енгізудің тиімділігі, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен ақпараттың қолжетімділігі қамтамасыз етілетін болады.
Бұдан бөлек, құжат Қазақстандағы рұқсат беру жүйесінің проблемаларын шешуге бағытталған. Атап айтқанда, қолданыстағы рұқсаттамалардың толық тізбесі жасалады. Жаңа рұқсаттар беруді енгізуде реттеуші әсерлерді талдау қолданылады, рұқсаттар қауіптілік дәрежесі бойынша санаттарға бөлінеді. Барлық рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асырудағы бірыңғай стандартталған тәсілдерді бекіту және «жалғыз терезе» қағидаттарын неғұрлым кеңінен қолдану көзделген. Сонымен қатар, ендігіде бизнес үшін жаңа рұқсат Қазақстан Республикасының заңдары және Президент жарлықтарының деңгейінен төмен емес нормативтік құқықтық актілерімен рұқсаттар тізбесіне енгізу арқылы жүзеге асатын болады.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.