Парламент Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы туралы хаттаманы ратификациялады
Айта кетейік, биылғы жылдың маусым айында Қазақстанның көп жылдар бойы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы жүргізген келіссөздері аяқталған болатын. Ал 27 шілдеде ДСҰ-ға кіру туралы хаттамаға Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Женева қаласында қол қойды. Осыған орай, еліміздің ДСҰ-ға енуі үшін ішкі мемлекеттік рәсімдер жүзеге асуы керек, соның ішінде Парламент аталған хаттаманы ратификациялауы тиіс.
ДСҰ-ға мүше болу Қазақстанның көпжақты келісімдеріне қатысу арқылы стратегиялық сауда-экономикалық мүдделерін іске асыру жөніндегі қосымша мүмкіндіктерді іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, еліміз ДСҰ-ға мүше басқа елдердің нарығында осы елдердің ішінде тауарларды тасымалдау кезінде қолданылатын сондай көлік тарифтері бойынша тауарларды экспорттауға мүмкіндік береді. ДСҰ-ға Қазақстанның кіруі бірлескен кәсіпорындар құру, бірлескен зерттеулер жүргізу, зияткерлік меншік объектілерімен алмасу, экономиканың түрлі салаларына жаңа технологиялар мен инвестицияларды тарту үшін кең мүмкіндіктер көздейді.
«Қазақстанның ДСҰ-ға кіру бойынша келіссөздері негізгі төрт бағытта жүзеге асты. Бірінші - көпжақты ауыл шаруашылық саласына мемлекет тарапынан берілетін субсидияның көлемі туралы келіссөздер. Бұл ДСҰ-ның 55 мүше-мемлекеттерімен арада жүргізілді. Екінші бағыт - көпжақты Қазақстанның сауда-экономикалық саясатының ДСҰ шарттарына сәйкестігін анықтайтын келіссөздер. Үшінші бағыт - Қазақстанның қызмет нарығында шетел компанияларының жұмыс жасау шарттары туралы келіссөздер. Бұл ДСҰ шеңберіндегі 15 мемлекетпен жүргізілді. Төртінші бағыт - Қазақстанның тауарлар нарығына импортталатын кедендік баждардың ең жоғары мөлшері туралы келіссөз, бұл ДСҰ-ның мүшесі болып табылатын 30 мемлекетпен жүргізілді», - деді Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова.
Тұтастай алғанда ДСҰ мүшелігі елімізге көпжақты сауда келіссөздеріне қатыса отырып, сауда-экономикалық стратегияларын жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашатын болады.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады. Осы хаттама күшіне енген күннен бастап Қазақстан Республикасы ДСҰ-ға мүше болады.